Ермұрат Бапи: Тілді текетірес пен ерегестің қаруына айналдыру бізге абырой әкелмейді

Qaz365.kz редакциясы
Мәжіліс

2026 жылғы 4 ақпанда Мәжілістің жалпы отырысында конституциялық реформа мәселесі талқыланды. Жиында бірмандатты округ бойынша сайланған Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи сөз сөйлеп, қоғамдағы тіл тақырыбына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Депутаттың айтуынша, жаңа Конституция жобасына байланысты айтылып жатқан сынның едәуір бөлігі тіл мәселесіне келіп тіреліп отыр. Ол ұлттық намыстан туындайтын талаптарды түсінуге болатынын айта отырып, тілді қоғамды қақ жарып, қарсы қоюдың құралына айналдыру қауіпті екенін ескертті.

«Үлес салмағы 70 пайыздан асқан халық өзінің тілін өзгеге өктемдікпен емес, сары майға ыстық қасық батырғандай байыппен, ақылмен таныта білуі керек. Тілді текетірес пен ерегестің қаруына айналдыру бізге әбүйір әпермейді», – деді Ермұрат Бапи.

Оның сөзінше, қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Қазақстан үшін ішкі тұрақтылық пен қоғамдық келісім аса маңызды. Депутат халықаралық қатынастардағы тұрақсыздықты ескере отырып, тіл мәселесінде эмоцияға берілмей, салқынқандылық таныту қажет екенін атап өтті.

Сонымен қатар Ермұрат Бапи Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұған дейін Қызылордадағы Ұлттық құрылтайда айтқан сөзін еске салды. Президент сол кезде ұлт мүддесін желеу етіп, қоғамды арандататын және ішкі алауыздықты қоздыратын әрекеттерге жол беруге болмайтынын айтқан болатын.

Депутат конституциялық реформаның түпкі мақсаты мемлекеттің қауіпсіздігін, егемендігін және тұтастығын нығайту екенін атап өтіп, қоғамды сабыр мен парасатқа шақырды. Оның айтуынша, ел болашағы үшін билік пен қоғам арасында салауатты әрі сындарлы диалог орнауы қажет.