Жаңа Конституцияның қазақша және орысша мәтіндеріндегі айырмашылық жайлы
Мәжіліс депутаты Снежана Имашева жаңа Конституция жобасына қатысты сұрақтарға жауап берді. Жаңа Конституцияның орысша нұсқасында білім мен медициналық көмек «ақысыз, тегін» деген сөз жоқ. Журналистер қазақша және орысша нұсқаларындағы айырмашылықтар жайлы сұрады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Депутат Снежана Имашева журналистерге жауап беріп жатып, жаңа Конституцияның қазақша нұсқасын қараңыздар деп бірнеше рет айтты.
«Конституцияның 32–33-баптарында қазақстандықтардың тегін медициналық көмекке және тегін орта білім алуға құқығы бар деп жазылған. Қазақша нұсқасын қараңыз. «Ақысыз» деген сөз бар», — деп жауап берді Имашева.
Жаңа Конституция жобасында бұл тұжырым орыс тіліндегі нұсқада жоқ. Депутат бұл мәселе редакциялық қателік болуы мүмкін екенін де жоққа шығармады.
«Қазақша нұсқасын қараңыздар, онда тегін білім алуға кепілдік берілген. Қайта айтамын, мүмкін қазір редакциясын нақтылап, бұл сөзді қосатын шығармыз. Бұл үлкен мәселе емес», — деді депутат.
Журналистер референдум мен Құрылтай сайлауына кететін шығындар жайлы да сұрады. Имашеваның айтуынша, бұл сұраққа нақты жауапты уәкілетті органдар беруі тиіс.
«Бұл сұрақты Қаржы министрлігіне немесе Орталық сайлау комиссиясына қою керек. Олардың өз бюджеті бар, әр жолы қанша қаражат қажет екенін солар есептейді. Бұл — ашық ақпарат, олар міндетті түрде хабарлайды», — деді депутат.
Депутат өзі нақты қаражатты есептемегенін, есінде жоқ екенін ашық айтты.
«Депутаттар бұл бюджеттің қаншаға түсетінін есептеді ме дегенге келсек, мен оны қараған жоқпын. Бюджетте сайлау мен референдумдарға арналған қаражат бар екенін білемін. Ол бірнеше миллиард теңге. Бірақ нақты қаражатты қазір айта алмаймын. Есімде жоқ. Қарап шығуым керек», — деді Имашева.
Бұған дейін депутат Мақсат Толықбай жаңа Конституция жайлы пікірін айтып, «мәтінінің жөнге келіп қалғанын» айтқан еді. Ал мәжіліс депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясының мүшесі Қазыбек Иса Парламент қабырғасында мемлекеттік тіл үшін ең көп күрес жүргізген депутаттардың бірі екенін мәлімдеді.