Депутат Абзал Құспан оңтүстік өңірлерді неліктен «масыл» дегенін түсіндірді

Qaz365.kz редакциясы

Депутат «масыл» сөзін дотация терминінің қазақшасы ретінде қолданатынын айтты

Фото: parlam.kz

Мәжіліс дәлізінде депутат Абзал Құспан оңтүстік өңірлерді неліктен «масыл» дегенін журналистерге түсіндірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұған дейін депутат Абзал Құспан Жамбыл және Түркістан облыстарын «масыл» деп атап, олардың ел есебінен күн көріп отырғанын айтқан еді.  Бүгін ол осы сөзінің тіке мағынасында емес, дотация терминінің қазақшасы ретінде айтылғанын айтты.

«Донор, дотациялық өңірлер ғой. Масыл деген сөз — дотациялық өңір дегенді білдіреді. Ол тек оңтүстік өңірлер емес, Астана, Алматы, Атырау деген үш өңірден басқасы да сондай. Павлодар мен Маңғыстау содан шығып келе жатыр. Қалғандарының бәрін дотациялық өңірге жатқызған. Бұл үкіметтің күнделікті ақпарытында айтылып жатқан шынайы ақпарат. Енді бұл жерде көпшілікке ұнамай қалған сөз — «масыл» деген сөз. Ал енді қазақ тілінде тұрақты термин үлкен мәселе. Мен заңгер ретінде Конституцияны, Ата заңды ешқашан қабылдай алмаған адаммын. Айтылып-айтылып ешқандай бекітілген термин болмаса да, сол қолданыстағы Конституцияның жобасына енгізіп қойдық қой. Масыл сөзі дотация болуы керек. Басқа ешқандай сөз жоқ. Сосын ол тек оңтүстікпен шектелмей, аталған өңірлерден басқасы дотациялық өңірлер, яғни масыл өңірлерге жатады», — деді Абзал Құспан. 

Алайда ол Батыс Қазақстанды ондай өңірге жатқызуға келіспейді.

«Оның ішінде, мысалы мен келіспесем де Батыс Қазақстан облысы да бар. 2023 жылы дотациялық өңір деп тануға қатысты қарсы депутаттық сауалым бар. Өйткені есептеу дұрыс емес. Орталыққа алатын ақша мен беретін ақшасында, мысал үшін бізде республикалық бюджеттен бір алады, ұлттық қорға екі алады. Ұлттық қорға БҚО Атыраудан кейінгі екінші көп ақша салып отырған өңір. Бірақ ол ақша есептелмейді, ресми түрде БҚО-ны да дотациялық өңір деп таниды. Сондағы менің масыл деген сөзім дотацияны қазақшалаған нұсқам. Енді басқа тиімді нұсқасын әріптестерім балама сөзді термин ретінде ұсынатын болса, соны қабыл алайық», — деді Абзал Құспан. 

Бұған дейін депутат Мақсат Толықбай жаңа Конституция жайлы пікірін айтып, «мәтінінің жөнге келіп қалғанын» айтқан еді. Ал мәжіліс депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясының мүшесі Қазыбек Иса Парламент қабырғасында мемлекеттік тіл үшін ең көп күрес жүргізген депутаттардың бірі екенін мәлімдеді.