Қазақстанда Конституция күні өзгеруі мүмкін бе

Qaz365.kz редакциясы
inbusiness.kz

Қазақстанда жаңа Конституция қабылданған жағдайда Конституция күнін мерекелеу мерзімі қайта қаралуы мүмкін. Бұл туралы мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов Informburo.kz тілшісінің сауалына жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Вице-министрдің айтуынша, Конституциялық комиссия құрамындағы кейбір мүшелер жаңа Негізгі заң қабылданса, мерекелік күнді көшіру қажет деген пікір білдірген. Дегенмен бұл мәселе бойынша нақты шешім қабылдауға әзірге ерте.

«Мұндай көзқарастың айтылғанын естідім. Олардың пайымынша, бұл қисынды болуы мүмкін. Алайда қазір қандай да бір болжам жасау қиын. Ең алдымен Конституциялық комиссия өз жұмысын аяқтауы керек. Одан кейін ғана бұл тақырыпқа қайта ораламыз. Біз атқарушы орган ретінде заңнамалық үдерістерге сай әрекет етеміз. Сондықтан әзірге комиссия жұмысының аяқталуын күтіп отырмыз. Кейін референдум өтеді, содан соң шешімдер қабылданады», – деді Евгений Кочетов.

Ол сондай-ақ жаңа Конституция жобасына қоғам тарапынан көптеген пікір мен ұсыныс түсіп жатқанын атап өтті.

Еске салайық, 31 қаңтарда Конституциялық комиссия елдің жаңа Негізгі заңының жобасын жариялаған. Құжаттың түпкілікті нұсқасы жалпыұлттық референдумда бекітіледі, алайда оның нақты күні әзірге белгіленген жоқ.

Бұған дейін Конституцияның 77 бабына өзгеріс енгізу жоспарланып отырғаны, бұл қолданыстағы мәтіннің 84 пайызына тең екені хабарланған. Алайда 29 қаңтардағы талқылау барысында арнайы комиссия мүшелері ұсынылған өзгерістер ауқымы жаңа Конституция қабылдауды қажет етеді деген тұжырымға келген.