«Мемлекеттік тілмен еш тіл тең емес, қатар ғана»: Ринат Зайыт Ата Заңға енгізілген өзгеріс туралы пікірін білдірді

Qaz365.kz редакциясы

.Енді жаңа нұсқадағы мәтінде орыс тілі тең емес, қатар қолданылады

Фото: Parlam.kz

Мәжіліс депутаты, әрдайым ұлттық мәселелерге байланысты ойын батыл жеткізіп жүрген азулы ақын Ринат Зайыт қазіргі таңда қоғамда кеңінен талқыланып жатқан Конституцияның жаңа нұсқасындағы мемлекеттік тілге қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Депутаттың айтуынша, қоғам Ата заңның 9-шы бабының екінші тармағын дүрлігіп талқылап, біраз тіл жанашырларын айыптап, қүстаналап жатқанда, Мәжіліс пен Ақорданың ішінде үнсіз көп іс атқарылып жатқанын көпшілік біле бермейді.

«Міне, сол тісін көрсеткеннен ісін көрсетуді жөн санайтын азаматтар комиссияға бірнеше нұсқада өз өтініштерін беріп, сол 9-шы баптың екінші тармағының өзгеруіне қол жеткізді! Енді жаңа нұсқадағы мәтінде орыс тілі тең емес, қатар қолданылады. Түсінген адамға аз жеңіс емес. Шүкір! Ең бастысы, осы жетістікті жеңіске айналдыру үшін бізге салқынқандылық өте қажет. Жетістік желігуді жек көреді. Ал біз әлі көп жетістікке жетуге міндеттіміз!» – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасына.

Тақырыпқа тұздық ретінде депутат жазбасының соңында мынадай әңгімені мысалға келтіріпті:

Наполеон Бонапарттың бойы бір қарысқа жетпей тұрғанда, бір офицер келіп:

– Генерал, киіміңізді мен ілейін? Сізге қарағанда биіктеуімін ғой, – депті.

Сонда Наполеон:

– Сен биік емессің, ұзынсың, – деген екен.

«Ендеше мемлекеттік тілмен еш тіл тең емес, қатар ғана», – деп түйіндеді Зайыт тілге қатысты ойын.