«Зейнетке шыққанда ойлау қабілетінен айырыласыздар»: Тоқаев шенеуніктерді кітап оқуға шақырды

Qaz365.kz редакциясы
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекеттік қызметкерлердің интеллектуалды деңгейі мен оқу мәдениетіне қатысты маңызды мәлімдеме жасады. Президент кейбір Үкімет мүшелерінің тіпті маңызды стратегиялық мақалалар мен сұхбаттарды соңына дейін оқымайтынына қынжылыс білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Тоқаевтың айтуынша, қазіргі интернет заманында адамдар ұзақ мәтіндерді қабылдаудан қалып барады. Көптеген шенеуніктер маңызды ақпаратты оқудың орнына, оның қысқаша аудио-нұсқасын тыңдай салуға көшкен.

«Бұл мемлекеттік қызметкерлерге жараспайтын әдет. Оқу керек. Әйтпесе, зейнет жасына жеткен кезде, ойлану қабілеттеріңізден айырылып қаласыздар», — деді Мемлекет басшысы.

Президент «Turkistan» газетіне берген сұхбаты мен Қызылордадағы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзін мысалға келтірді. Оның байқауынша, Үкіметтегілер бұл маңызды құжаттарды «бәрі бірдей ықылас қойып оқымаған».

Президент интеллектуалды еңбекпен айналысатын адамдар үшін кітап оқудың тек білім көзі емес, сонымен қатар мидың жұмысын сақтаудың бірден-бір жолы екенін қадап айтты. Ол шенеуніктерге интернетке тәуелді болмай, тереңірек ізденуді тапсырды.