Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Негізгі Заңына қатысты өз пайымын білдіріп, оның тарихи маңызы мен бүгінгі реформалардың аражігін ажыратып берді. Президент ел дамуының іргетасын қалауда Тұңғыш Президенттің рөлі ерекше болғанын қадап айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Президенттің айтуынша, еліміздің соңғы 30 жылда жеткен барлық белестері мен жетістіктерінің бастауында қазіргі Конституция тұр. Ол бұл құжаттың қабылдануы мен жүзеге асуын Тұңғыш Президенттің еңбегімен байланыстырды.
«Бұл – тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды еңбегінің арқасы», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қолданыстағы құжаттың Тәуелсіздіктің алғашқы қиын кезеңінде қабылданғанын еске салды. Алайда содан бері Қазақстан да, әлем де адам танымастай өзгерді.
«Қазір әлемдегі геосаяси, геоэкономикалық және технологиялық ахуал түбегейлі өзгеріп жатыр. Соңғы жылдардағы өзгерістер ұлт санасына үлкен ықпал етіп, зор сілкініс әкелді», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пайымдауынша, Қазақстанның халықаралық беделі нығайып, мемлекеттің әлеуеті артқан тұста құндылықтар мен қағидаттарды жаңа деңгейге көтеру қажеттілігі туындап отыр. Елдің мақсат-міндеттерін заман талабына сай конституциялық деңгейде жаңғырту – мемлекеттің тұрақты дамуының кепілі болмақ.