Сенат депутаты: 15 наурыз – ел тағдырын айқындайтын тарихи таңдау

Qaz365.kz редакциясы
senate.parlam.kz

Сенат депутаты, Парламенттің Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Руслан Рүстемов жаңа Конституция жобасы бойынша өтетін республикалық референдумға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ол еліміздің жаңа тарихи кезеңнің табалдырығында тұрғанын атап өтті.

– Еліміз жаңа тарихи кезеңнің табалдырығында тұр! Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2026 жылғы 15 наурызда жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойып, елдің тағдырына қатысты түпкілікті таңдау жасауды тікелей халықтың өзіне ұсынды, – деді депутат.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойған болатын.

Руслан Рүстемов бұл шешімнің кездейсоқ емес екенін айтты.

– Бұл бір күнде қабылданған шешім емес, елдің конституциялық дамуына бағытталған ұзақ әрі жүйелі дайындықтың, ашық қоғамдық талқылаулар мен жұрт пікірін басты негізге алған ауқымды жұмыстың заңды қорытындысы, – деді ол.

Депутаттың айтуынша, Ата заңға өзгерістер енгізу үдерісі Президенттің 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында Парламентті реформалау туралы бастама көтеруінен бастау алған. Кейін Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылып, азаматтардан, сарапшылар қауымдастығынан, қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардан ұсыныстар қабылдаған.

– Жауапты кезеңде халықтың пікірі мен ұсыныстары негізгі басымдық ретінде айқындалды, – деді сенатор.

Оның сөзінше, конституциялық жаңғырту үдерісінің мазмұндық өзегі Сыр өңірінде өткен Ұлттық құрылтайда айқындалған. Сол алаңда жаңа Парламент – Құрылтай құру, Халық кеңесін қалыптастыру, Вице-президент институтын енгізу, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құру секілді бастамалар жария етілген.

21 қаңтарда Президент Жарлығымен 130 адамнан тұратын Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрылған. 24 қаңтардан бастап комиссия жұмысы ашық форматта, тікелей эфирде жүргізілген.

– Конституциялық реформа жөніндегі комиссия халықтан түскен ұсыныс-пікірлердің нәтижесінде қоғам пікірі мен кәсіби сараптамаға сүйенген жаңа Конституцияның қорытынды жобасын Мемлекет басшысына таныстырып, оны жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсынды, – деді Руслан Рүстемов.

Депутат қабылданғалы отырған құжаттың мазмұнына да тоқталды.

– Бір нәрсе айқын, қабылданғалы отырған құжат жекелеген түзетулер жиынтығы емес, Конституцияның мазмұны мен құрылымын тұтастай жаңартатын жаңа редакция болып отыр. Мұның өзі басқарудың бұрынғы тәсілдерінен саналы түрде бас тартып, «мемлекет адам үшін» қағидатына негізделген, азаматтың құқықтары, қадір-қасиеті мен қауіпсіздігін ең жоғары құндылық ретінде айқындайтын заманауи құқықтық модельге көшуді көздейді, – деді сенатор.

Сөз соңында ол 15 наурызда өтетін референдумның тарихи маңызын атап өтті.

– Ең бастысы, ұзақ дайындықтың, ашық қоғамдық диалогтың және халық үнін басты орынға қойған жүйелі жұмыстың нәтижесінде осы жылғы 15 наурызда бүкіл қазақстандықтар республикалық референдумда ел болашағына қатысты халықшыл бастаманы дауысқа салады. Адам құқығының ең жоғарғы демократиялық құндылықтарына негізделген референдум – Қазақстанның жаңа даму кезеңіне жол ашатын саналы, ортақ әрі тағдырлы таңдау және мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімге құрылған қоғамдық келісім, – деді Руслан Рүстемов.