Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен телефон арқылы сөйлесті. Мемлекет басшылары бауырлас екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Qaz365.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Президенттер қазақ-қырғыз қарым-қатынасының қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды. Әсіресе, сауда-экономика, көлік-логистика, су-энергетика салаларындағы белсенді ықпалдастық жоғары бағаланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел үкіметтері мен іскер топтары арасындағы тұрақты диалог мемлекетаралық байланыстарды жаңа деңгейге көтергенін атап өтті.
Әңгіме барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президентіне Қазақстанда жүргізіліп жатқан Конституциялық реформа туралы айтып берді. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл жаңғырту жұмыстары мемлекеттің қарыштап өркендеуіне берік негіз қалайды. Өз кезегінде Садыр Жапаров Қазақстандағы ауқымды өзгерістерді толық қолдайтынын білдірді.
Президенттер өңірлік ынтымақтастық мәселелері бойынша ортақ пікірде екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекте өтетін ШЫҰ саммиті мен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының табысты өтуіне тілектестік білдірді.
Сондай-ақ Тоқаев Жапаровтың қырғыз мемлекеттілігін нығайтуға және ел бірлігін сақтауға бағытталған шешімдерін қуаттайтынын жеткізді.
Жақында ғана Қырғызстанның ең ықпалды тұлғаларының бірі, Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің басшысы болған Қамчыбек Ташиев қызметінен кетті.