Смадияровтың айтуынша, Президент саяси және дипломатиялық себептерге байланысты кейбір детальдарды әдейі жария етпеген
Мемлекет басшысының кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық банктердің бірі арқылы 7 триллион теңгенің сыртқа шығарылғаны туралы мәлімдемесіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұған дейін Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов бұл соманы «жалпы айналым» деп атап, заң бұзушылық белгілері табылмағанын айтқан болатын. Алайда Ақорда өкілі бұл ақпараттың салмақты екенін алға тартты.
«Президент тексерілмеген ақпаратты жарияламайды»
Айбек Смадияров Мемлекет басшысының сөзі нақты деректерге негізделгенін қадап айтты:
«Президент тексерілмеген ақпаратты оқымайды. Егер ол 7 триллион теңге сомасында транзакциялар болғанын айтса, демек, солай болғаны. Тағы бір мәселе, бұл ақпарат кеңінен талқылау үшін емес, Қаржылық мониторинг агенттігіндегі жиынға қатысушыларға арналған, яғни қызметтік сипатта болды. Транзакцияларды жүзеге асырған банк кім туралы сөз болғанын біледі», — деді Смадияров.
Мәліметтер неге құпия қалды?
Смадияровтың айтуынша, Президент саяси және дипломатиялық себептерге байланысты кейбір детальдарды әдейі жария етпеген:
«Президент саяси орындылық пен дипломатиялық хаттама тұрғысынан транзакциялық қаражат шыққан елді де, оны қабылдап алушы елді де әдейі атамады. Сондай-ақ санкциялық режим жағдайында мұндай функцияны өз мойнына алған банктің де атын атаған жоқ».
Мәселенің төркіні:
Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) жиынында отандық банктердің бірі «көрші елден» басқа мемлекеттерге 7 триллион теңгеден астам қаражатты өткізуге көмектескенін мәлімдеген еді. Осыдан кейін реттеуші органдар тексеру бастаған болатын. 19 ақпанда Ұлттық банк өкілі Шолпанқұлов бұл соманы «жай ғана айналым» (мысалы, күні бойы бір-біріне 1000 теңге аудара берген сияқты) деп түсіндіруге тырысқан еді.