Қазақстанның жаһандық бейбітшілік архитектурасындағы рөлі: «Орта державалар» дәуіріндегі жаңа мүмкіндіктер

Qaz365.kz редакциясы

Қазақстанның гуманитарлық миссиялардағы, бітімгерлік бастамалардағы тәжірбиесі өте үлкен

Фото спикердің жеке мұрағатынан

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапары және Бейбітшілік Кеңесінің (Council of Peace) алғашқы инаугурациялық отырысына қатысуы – елдің халықаралық аренадағы жаңа стратегиялық салмағын көрсеткен маңызды оқиға. Бұл бастама бүгінгі геосаяси өзгерістер кезеңінде ықпалы артып келе жатқан «орта державалардың» (middle powers) рөлін күшейтіп, олардың жаһандық бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдаудағы ұжымдық күшін біріктіруге бағытталған.

Вашингтон тарапынан жасалған жоғары деңгейдегі шақыру, соның ішінде Қазақстанның құрылтайшы елдердің бірі ретінде бұл алаңға арнайы қатысуы – еліміздің халықаралық сенімге ие, көпвекторлы, сындарлы дипломатия жүргізетін жауапты мемлекет екенін дәлелдейді. Осы тұрғыда сарапшы, саясаттанушы Ильяс Бақтығалиев Qaz365.kz тілшісіне бұл сапардың маңызын айқындай отырып, Қазақстанның жаңа дипломатиялық мүмкіндіктерін кеңінен талдап берді.

Сонымен бірге сапар аясында америкалық ірі корпорациялар жетекшілерімен жоспарланған кездесулер Қазақстанның экономикалық дипломатиясын жаңа деңгейге көтеріп, саяси сенімге негізделген ұзақмерзімді әріптестікті нығайтуға айтарлықтай үлес қосады. Бейбітшілік Кеңесінің құрылуы тек саяси символ емес, сонымен бірге өңірлік қауіпсіздік, гуманитарлық қолдау және экономикалық интеграцияны жаңа форматта іске асыруға арналған тиімді платформа ретінде бағалануда.

– Қазақстан Президентінің Бейбітшілік Кеңесінің инаугурациялық отырысына қатысуы жаһандық бейбітшілік процесінде «орта державалардың» рөлін күшейту тұрғысынан қандай мәнге ие?

– Кеңес құрамында бізден бөлек Түркия, Пәкістан, Индонезия, Аргентина, Сауд Арабиясы, Өзбекстан сияқты аймақтық салмағы жоғары мемлекеттер бар. Бұл елдер халықаралық сараптамада «орта державалар» деп аталады және олардың бір алаңға бірігуі – жаһандық бейбітшілік архитектурасының өзгеріп жатқанын көрсетеді. Қазақстан үшін бұл – ерекше мүмкіндік. Өйткені біздің еліміз Кеңестің алғашқы құрылтайшыларының бірі болып, оның құрылуын дипломатиялық тұрғыда белсенді қолдады. Мұндай қадамды АҚШ та жоғары бағалайды және бұл сенім ұзақ мерзімді серіктестікке айналмақ.

– АҚШ Президентінің шақыруын Газа секторындағы қақтығысты реттеу бойынша серіктестер шеңберін кеңейту ниеті ретінде қарастыруға бола ма? Тәжірибесі мол Тоқаев басқаратын Қазақстан бұл үдеріске қандай үлес қоса алады?

– Қазақстанның гуманитарлық миссиялардағы, бітімгерлік бастамалардағы тәжірбиесі өте үлкен. Бұл туралы барлық ірі ойыншылар жақсы біледі. АҚШ тарапынан жасалған шақыру – алдымен Вашингтонның біздің аймақпен ынтымақтастықты кеңейтуге деген ашық көзқарасының белгісі. АҚШ Қазақстанды осындай процестерге шын мәнінде тартқысы келеді. Газа мәселесінде Қазақстан бейтарап, салмақты дипломатиясы мен гуманитарлық бағыттағы нақты көмегі арқылы конструктивті рөл атқара алады.

– Қазақстанның гуманитарлық қолдау көрсетудегі әлеуетін қалай бағалар едіңіз?

– Біздің тараптан міндетті түрде ауқымды гуманитарлық қолдау көрсетіледі. Қазір нақты қаралып жатқан бағыттар:

  • студенттерге арналған стипендиялық бағдарламалар;
  • балаларға бағытталған азық-түлік көмегі;
  • әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру немесе жаңадан салу мүмкіндігі.

Алайда Палестинаның қазіргі күйзеліс деңгейі өте үлкен, сондықтан мұндай жобаларға дейін әлі уақыт керек болуы мүмкін.

Бастысы – АҚШ пен Президент Дональд Трамптың бейбітшілікті қолдауда ұстанып отырған прагматикалық тәсілі. Егер бұл процесс БҰҰ аясында жүргізілсе, ол көбіне конференциялар мен резолюциялармен шектелуі мүмкін еді. Ал бұл формат инвестициялар мен инфрақұрылымды қалпына келтіру сияқты нақты экономикалық тетіктерге негізделген.

– Тоқаевтың АҚШ сапары аясында америкалық ірі компаниялар басшыларымен кездесулері жоспарланған. Экономикалық дипломатия елдер арасындағы саяси сенімді қалай нығайтады?

– Шын мәнінде Бейбітшілік Кеңесінің инаугурациясы – осының бәріне жол ашқан негізгі фактор. Одан кейінгі экономикалық келісімдер мен кездесулер осы мүмкіндікті тиімді пайдалану арқылы жүзеге асты. АҚШ-пен мұндай деңгейде кездесулер өткізуге көптеген мемлекеттер ұмтылады. Қазақстан Президентінің Кеңесті қолдауы мен белсенді қатысуы осы экономикалық байланыстардың да артуына әсер етті. Экономика саясатты нығайтады: қазір Вашингтонның Қазақстанға қатысты ұстанымы барынша ашық және қолайлы. Ал тығыз экономикалық байланыс өз кезегінде саяси сенімді арттырып, ұзақмерзімді серіктестікке жол ашады.