Америка Құрама Штаттары Украина билігіне Новороссийск портындағы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) нысандарына шабуыл жасамау туралы ресми демарш жолдады. Вашингтон бұл нысандарда АҚШ-тың Қазақстандағы ірі экономикалық мүдделері бар екенін ашық мәлімдеді. Бұл туралы CNN телеарнасына Украинаның АҚШ-тағы елшісі Ольга Стефанишина мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Украина елшісінің айтуынша, АҚШ Мемлекеттік департаментінен дипломатиялық хабарлама алған. Онда Украинаның Новороссийскіге жасаған шабуылдары Қазақстан арқылы жүзеге асырылатын американдық инвестицияларға зиян келтіргені айтылған.
«Біз Мемлекеттік департаменттен американдық мүдделерге соққы беруден бас тартуымыз керек деген ескерту алдық. Әңгіме дәл осы американдық экономикалық мүдделердің қозғалуы туралы болды. Біз мұны ескердік», — деді Ольга Стефанишина.
2025 жылдың қараша айында Украинаның дрондары Новороссийск портына соққы беріп, соның салдарынан Қазақстан мұнайының экспорты айтарлықтай төмендеген болатын. CNN Chevron компаниясы КҚК-ның ірі акционері екенін атап өтті. Қазақстанның ірі кен орындарынан (Теңіз, Қашаған) шығатын мұнайдың басым бөлігі дәл осы КҚК құбыры арқылы Қара теңізге жетеді.
Украина елшісі АҚШ-тың Қазақстандағыдай экономикалық мүддесі Украинада әлі қалыптаспағанына өкініш білдірді.
«35 жыл ішінде Украинада мұндай деңгейдегі американдық мүддені қалыптастыра алмағанымыз өкінішті», — деп атап өтті ол.
Елші Стефанишина Дональд Трамп әкімшілігі тұсында АҚШ-тың қолдауы айтарлықтай өзгергенін айтып, алғыс білдірді. Дегенмен ол Ресейге бағытталған санкциялар мен әскери қысымның әлі де жеткіліксіз екенін сынға алды. Оның пікірінше, санкциялардың кешігуі Мәскеу үшін «жеңіс» ретінде қабылданады.