«Эпштейн файлындағы» қазақтар: Депутаттар Мәсімов пен Келімбетовті тексеруді талап етті

Qaz365.kz редакциясы
masa.media

Мәжіліс депутаты Асхат Рақымжанов Бас прокурор мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығына депутаттық сауал жолдап, «ескі Қазақстан» шенеуніктерінің атышулы Джеффри Эпштейнмен байланысын тексеруді сұрады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында мәлім болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оның айтуынша, «Эпштейн файлдарында» аты аталған қазақстандық лауазымды тұлғалар мен оларға қатысы бар адамдар жөніндегі деректерді, кездесулердің мазмұны мен мақсатын анықтау қажет. Сондай-ақ депутат ел ішінде және шетелде қазақстандық саясаткерлердің, кәсіпкерлердің және шоу-бизнес өкілдерінің Эпштейнмен қандай да бір бейресми байланыстары болған-болмағанын тексеруді ұсынды.

Рақымжанов ықтимал ұлттық қауіпсіздік тәуекелдеріне құқықтық баға беруді сұрады. Оның ішінде лауазымды тұлғаларды компромат арқылы ықпал ету қаупі, сондай-ақ құпия мәліметтердің, соның ішінде мемлекеттік құпиялардың жария болуы мүмкіндігі бар екенін атап өтті.

Депутаттың сөзінше, халықаралық жарияланымдарда «Ескі Қазақстан» кезеңіндегі бірқатар жоғары шенді тұлғалардың есімдері аталады. Атап айтқанда, мемлекеттік сатқындық және билікті басып алуға әрекет жасады деген айыппен сотталған бұрынғы премьер-министр әрі ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовтің есімі құжаттарда кемінде сегіз рет кездесетіні айтылған. Сонымен қатар шетелдік ақпарат құралдарында Эпштейннің бұрынғы Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовпен Нью-Йоркте бірге демалғаны туралы деректер жарияланғаны да назарға алынған.

Бұдан бөлек, жария құжаттарда Эпштейннің Қазақстанға бірнеше мәрте келгені көрсетілген. Осыған байланысты депутат оның сапарларының нақты мақсатын, сол кезеңдегі жоғары лауазымды тұлғалармен байланысының болған-болмағанын, сондай-ақ мемлекеттік шешімдерге сыртқы ықпал ету арналары қалыптаспағанын тексеруді ұсынды.