Қазақстанның Бас прокуратурасы әлемдік деңгейдегі дауға айналған Джеффри Эпштейннің құжаттарында аталған қазақстандық тұлғаларға қатысты алдын ала тексеруді қолға алды. Басты назарда – қазіргі уақытта мемлекетке опасыздық жасағаны үшін сотталған Кәрім Мәсімов пен «Ескі Қазақстанның» басқа да өкілдері, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Кәрім Мәсімовтің есімі Эпштейн файлдарында 8 рет кездеседі. Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, қазіргі уақытта Эпштейннің Қазақстанға іссапармен келген-келмегені және олардың бетпе-бет кездесулерінің мән-жайы анықталуда.
Мәжіліс депутаты Асхат Рахымжанов АҚШ-та қайтыс болған қазақстандық модель Руслана Коршунованың ісін де қайта қарауды сұрады. Оның есімі де аталған құжаттарда кездесетіндіктен, депутат бұл өлімнің Эпштейн ісіне қатысы бар-жоғын тексеруді талап етті.
Бұған дейін депутаттар Бақытжан Базарбек пен Асхат Рахымжанов Бас прокуратура мен ҰҚК-ге сауал жолдап, «Эпштейн файлдарындағы» қазақстандықтардың тізімін толық зерттеуді сұраған болатын.
Кәрім Мәсімов 2023 жылдың сәуірінде мемлекетке опасыздық жасау, билікті басып алуға әрекеттену және лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану баптары бойынша 18 жылға сотталған болатын.