Қазақстандықтар Ираннан қай елдер арқылы шыға алады

Qaz365.kz редакциясы
AP Photo / Vahid Salemi

Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты қазақстандықтарды қауіпсіз аймақтарға көшіру жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, Ираннан азаматтарды Әзербайжан, Түрікменстан және Армения аумағы арқылы эвакуациялау жөнінде келісімдер жасалған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Армениямен Иран–Армения шекарасын қазақстандықтардың кедергісіз кесіп өтуі бойынша уағдаластыққа қол жеткізілген. Армян тарапының сыртқы істер ведомствосымен тұрақты байланыс орнатылған. Ұқсас келісім Әзербайжанмен де жасалды. Әзербайжан билігі эвакуацияға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

Құрлықтағы шекара өткізу режимі шектеулі болғандықтан, арнайы рұқсат алу талап етіледі. Қазақстанның Әзербайжандағы елшілігі екі азаматтың өтініші негізінде Ираннан «Джульфа» (Нахчыван) бекеті арқылы кіруге жедел рұқсат рәсімдеген. Түрікменстан да Қазақстан азаматтарының шекарадан өтуіне жәрдем көрсетуге әзір екенін растады.

Бұған дейін министрлік дипломатиялық өкілдіктер туристік компаниялармен бірлесіп, әуежайлар мен транзиттік аймақтарда қалған азаматтарды уақытша орналастыру мәселесін шешіп жатқанын хабарлаған. Аймақтағы әскери шиеленіске байланысты бірқатар елдің әуе кеңістігі жабылып, рейстер тоқтатылған. Соның салдарынан қазақстандықтар қонақүйлерге орналастырылып, қажетті жағдаймен қамтамасыз етілуде.

Эвакуациялау кезінде ең алдымен қарттар, әйелдер мен балаларға басымдық беріледі. Бұған дейін Тегераннан 50 Қазақстан азаматы елге жеткізілген.

Ресми деректерге сәйкес, өңірде ең көп қазақстандық Біріккен Араб Әмірліктерінде – 3 500 адам. Сауд Арабиясында шамамен 3 000, Катарда 1 500 азамат бар. Иранда – 82, Бахрейнде – 168, Кувейт пен Иорданияда – әрқайсысында 134, ал Израильде шамамен 100 Қазақстан азаматы жүр.