Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов «Егемен Қазақстан» газетінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеті жылдық президенттік қызметінің қорытындыларына арналған мақала жариялады. Qaz365.kz назарыңызға мақаланың толық нұсқасын ұсынады:
Қасым-Жомарт Тоқаев тұтас ұлт тағдырын мойнына алған жеті жылда еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси даму моделінде ауқымды әрі жүйелі өзгерістер болды. Бұл жылдар жер бетін түгел жайлаған пандемия, әлемдік экономиканың баяулауы, инфляциялық және логистикалық сын-тегеуріндер, геосаяси тұрақсыздық сияқты жаһандық ахуалдың аса күрделі кезеңімен, сондай-ақ жылдар бойы жалғасқан ішкі экономикалық әрі саяси теңсіздіктерді еңсеру қажеттілігімен тұспа-тұс келді.
Күрмеуі қиын, қордаланған түйткілдерге қарамастан, Президентіміз тұрақтылықты қамтамасыз етіп, Қазақстан серпінді даму жолына түсті.
Көптеген сын-қатерге жауап ретінде бірінші кезекте мемлекетіміздің ұзақмерзімді орнықтылығын нығайтуды мақсат еткен ауқымды реформалар жүзеге асырылды. Президент Тоқаев жалаң ұран мен популизмге жол берген жоқ, уақытша нәтижелерге де ешқашан иек артқан емес. Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқатын жақсартуға, экономикалық және саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған елдіктің мызғымас берік тұғырын қалыптастыру жолында еңбек етіп келеді.
Мұндағы нәтиженің бәрі көз алдымызда.
2025 жылы әлемдік экономиканың өсімі 3,3%-ды құраса, Қазақстанда ішкі жалпы өнім 6,5%-ға артты.
Экономиканың құрылымы да өзгерді. Бұрын өсім негізінен сыртқы шикізаттық конъюнктураға тәуелді болса, бүгінде ол Мемлекет басшысының жүйелі шешімдерінің арқасында шикізаттық емес секторлар мен ішкі сұраныстың есебінен өсіп келеді.
Осылайша, экономиканың өсуіне өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда, көлік және қызмет көрсету салалары барынша үлес қосып отыр.
Жеті жыл ішінде номиналды ІЖӨ 1,7 есеге ұлғайып, 2019 жылғы 181,7 млрд доллардан 2025 жылы 305,9 млрд долларға дейін өсті. Жан басына шаққандағы ІЖӨ де тұрақты түрде артып, 2019 жылғы 9,8 мың доллардан 2025 жылдың қорытындысы бойынша 15 мың долларға дейін жетті.
Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 2,5 еседен астам, яғни 2019 жылғы 11,5 трлн теңгеден 2025 жылы 30,63 трлн теңгеге дейін өсті. ІЖӨ құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесі 11,4%-дан 12,7%-ға дейін ұлғайса, керісінше кен өндіруші сектордың үлесі 14,5%-дан 12%-ға дейін қысқарды.
Аталған көрсеткіштердің сыртында жаңадан бой көтерген ондаған ірі зауыт пен мыңдаған жұмыс орны тұр. Қостанай облысында KIA автокөліктерін шығаратын және шойын құю зауыттары іске қосылды, Қарағанды облысында тұрмыстық техника мен автомобиль шиналары, Атырау облысында полипропилен өндірістері жолға қойылды, Алматы облысында вольфрам концентраты шығарыла бастаса, Павлодар облысында теміржол техникасына арналған қосалқы бөлшектер өндірісі, Шымкентте алюминий қаптама өндірісі мен бағалы металдарды қайта өңдеу және басқа да көптеген өндіріс орны жұмысын бастады.
Ел экономикасының дамуындағы көшбасшы салалардың бірі – бүгінде тұрақты өсім көрсетіп отырған құрылыс секторы. Тек өткен жылдың өзінде елімізде 20 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көлем екі бірдей облыс орталығы – Павлодар мен Қостанай қалаларының жалпы тұрғын үй қорынан асып түседі.
Халықаралық валюта қорының деректеріне сәйкес, Қазақстан әлемдегі ең ірі топ-50 экономиканың қатарына енді, сондай-ақ орташа жылдық экономикалық өсім қарқыны бойынша да алғашқы бестіктің ішінде тұр.
World Competitiveness Ranking рейтингінің мәліметі бойынша мемлекетіміз жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде 34-орынға ие болды. Бұл еліміздің инвестициялық және іскерлік тартымдылығының нығая түскенін айғақтайды. Экономика «бір салаға байланып қалған» бағытынан арылды деуге болады, қазіргі таңда кен өндіру секторындағы уақытша тербелістер макроэкономикалық ахуалдың тұрақтылығына пәлендей әсер етіп жатқан жоқ. Бұл дамудың анағұрлым қалыптасқан әрі теңгерімді үлгісіне бет бұрғанымызды көрсетсе керек.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвестициялық саясаты экономиканы жаңғыртудың негізгі құралдарының біріне айналды.
Жеті жыл ішінде негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 12,6 трлн теңгеден 22,7 трлн теңгеге дейін өсті. Оның үстіне құрылымы да айтарлықтай өзгерді: қаржының негізгі бөлігі өңдеуші өнеркәсіпке, инфрақұрылымға, энергетикаға, логистика мен агроөнеркәсіп кешеніне бағытталып отыр.
Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттің стратегиялық басымдығы болып қала береді. Азық-түлік қауіпсіздігі, саланы жаңғырту, экспорттық әлеуетті арттыру – мұның бәрі ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсартумен тығыз байланысты.
Суармалы егіншілік пен инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді: алдағы уақытта суармалы алқаптарды 2,5 млн гектарға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Ирригациялық жүйелер, элеваторлар, өңдеуші қуаттар мен логистикалық тізбектерді жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Мал шаруашылығын қолдау және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді күшейту қосылған құны жоғары өнімдер шығаруға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі жеті жылда шамамен екі есеге, яғни 2019 жылғы 5,2 трлн теңгеден 2025 жылы 9,8 трлн теңгеге дейін, азық-түлік өндірісінің көлемі 1,7 трлн теңгеден 3,9 трлн теңгеге дейін өсті.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, саланы қолдау көлемі жылына бір триллион теңгеге жеткізілді, шаруаларға тиісті қаражат бұдан былай ерте бастан бөлінеді.
Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы жұмыстарының сапасы айтарлықтай жақсарды, ал фермерлер өз кезегінде жыл сайын елімізді мол өніммен қамтамасыз етіп келеді.
Қазақстан дәстүрлі түрде әлемдік нарыққа астық пен ұн жеткізіп отырған жетекші мемлекеттердің қатарына кіреді, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының географиясы да Орталық Азия мен Ауғанстаннан бастап Таяу Шығыс елдері мен Қытайға, Еуропалық одаққа және басқа да бағыттарға қарай кеңейіп келеді.
Өнеркәсіп секторында «Бәйтерек» инвестициялық холдингі арқылы бүкіл еліміз бойынша жүздеген жоба қаржыландырылды. Соның ішінде Алматыда жеңіл автокөліктер өндірісін, Қарағанды облысында Qarmet болат құю өнімдері кәсіпорнын, Павлодар облысында Қазақстан электролиз зауытын, Түркістан облысында Ecoculture-Eurasia жылыжай кешенін, Алматы облысында «Шин-лайн» балмұздақ шығаратын өндіріс орнын атап көрсетуге болады.
Жеті жылда «Бәйтерек» арқылы қаржыландыру көлемі 2,9 трлн теңгеден 10,4 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Қазіргі уақытта холдингтің қаржылық қолдауымен металлургияда жалпы құны 3,9 трлн теңге болатын 23 жоба жүзеге асырылуда, машина жасау саласында 610,6 млрд теңгеге 21 жоба қаржыландыру кезеңінде болса, химия өнеркәсібінде құны 636 млрд теңгені құрайтын 11 жоба, ал агроөнеркәсіп кешенінде 415,9 млрд теңге болатын 69 жоба жүзеге асырылып жатыр.
Мемлекет басшысы ішкі өсім мен негізгі жұмыспен қамту көзі ретінде микро және шағын бизнесті дамытуға ерекше мән береді. Шағын және орта кәсіпкерліктің ІЖӨ-дегі үлесі 40,5%-ға жетті, аталған секторда шамамен 4,5 млн адам жұмыс істейді, бұл – еңбекке қабілетті халықтың тең жартысына жуығы.
Шағын кәсіпорындардың белсенділігі тек сауда мен қызмет көрсету салаларында ғана емес, сонымен қатар құрылыс, көлік және өңдеу өнеркәсібінде де артып келе жатқанын айта кеткен жөн.
Шағын бизнес ірі жобалардың жеткізу тізбегіне кеңінен қосыла бастады. Әкімшілік кедергілер азайып, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, кепілдік беру және даму институттарының бағдарламалары арқылы қаржыландыру жүйесі қолжетімді бола түсті.
Жыл сайын мыңдаған жобаға қолдау көрсетіліп, осы сектордағы кәсіпкерлерге арналған жеңілдетілген қаржыландыру көлемі жүздеген миллиард теңгеге жетті. Сонымен бірге мемлекеттік қызметтерді цифрландыру тіркеу мен есеп беруді және қолдау шараларын алу рәсімдерін жеңілдетіп отыр.
Жаңа инвестициялық кезеңнің елеулі жобаларының ішінде Alatau City көпсалалы урбанистикалық кластерінің орны ерекше. Президент тапсырмасы бойынша жаңадан бой көтеретін қала инновациялық экономиканы, жоғары технологиялық өндірістерді, білім беру мен іскерлік инфрақұрылымды дамытуға тың серпін беретін өсудің жаңа бағытына айналмақ.
Белсенді геологиялық барлау жұмыстары арқылы еліміздің минералдық-шикізат базасын кеңейту ұзақмерзімді экономикалық даму стратегиясының маңызды элементі болып табылады.
Кейінгі жылдары мыс, никель, көмір, алтын және сирек металдардың болжамды қоры бар ондаған перспективалық учаске анықталды.
2026 жылдың соңына қарай Қазақстан аумағын геологиялық және геофизикалық зерттеу көлемі 2,2 млн шаршы шақырымға дейін жетеді.
Президенттің тапсырмасы бойынша 2026–2028 жылдары геологиялық барлау жұмыстарына мемлекет тарапынан 240 млрд теңгеге жуық инвестиция салынады. Бұл өткен жиырма жыл бойы осы салаға жұмсалған барлық шығынның көлеміне сәйкес келеді.
Бұған қоса, сыртқы инвесторлардың тарапынан да қызығушылық байқалып отыр. Осы орайда қажетті шешімдердің бәрі ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, қабылданатыны анық. Мұндай ауқымды жұмыс ұзақмерзімді өнеркәсіптік өсудің негізін қалыптастырады.
Еліміздің транзиттік әлеуетінің дамуы – Мемлекет басшысының ұдайы назарында. Мұнда Транскаспий халықаралық көлік бағыты немесе Орта дәліз ерекше маңызға ие. Аталған бағытта тасымал көлемі кейінгі 7 жылда 5 есе өсті.
Заманауи теміржол инфрақұрылымы транзиттік әлеуетті дамытуға мүмкіндік береді. Мәселен, елімізде кейінгі жеті жыл ішінде 1 мың шақырымға жуық жаңа теміржол салынды, 9,5 мың шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамтылды, оның ішінде 3,5 мың шақырымға күрделі жөндеу жүргізілді.
Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды қалаларындағы және шекара маңындағы теміржол тораптарын жаңғырту өткізу қабілетін арттырып қана қоймай, өңірлердің өзара байланысын нығайтып, логистикалық шығындарды азайтуға септігін тигізді, осылайша, елдің транзиттік әлеуетін күшейтіп, ішкі нарықты кеңейте түсті.
Биыл біз ұзақ жыл бойы жөндеу көрмеген, шынтуайтында, әбден тозығы жеткен 124 теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстарын аяқтаймыз.
Теңіз порттарының өндірістік қуатын кеңейту қолға алынды, терминалдар жаңартылып, өткізу қабілеті артып келеді. Негізгі тораптың бірі – Жетісу облысындағы «Қорғас» құрғақ жүк порты арқылы жыл сайын жүздеген мың контейнер өтеді.
Алматы және Жетісу облыстарында жүктерді бір орталыққа шоғырландырып, өңдеуден өткізетін логистикалық орталықтар желісі құрылды.
Жеті жылдың ішіндегі ауыз толтырып айтатын тағы бір жайт – 25 мың шақырымнан астам автомобиль жолы салынып, күрделі жөндеуден өтті, сол сияқты Орталық-Оңтүстік, Орталық-Шығыс, Батыс-Шығыс негізгі дәліздері іске асырылды, барлық өңірде жергілікті жолдар желісі едәуір жаңартылды.
Бұған дейін ұзақ жыл бойы жүйелі қаржыландырудан тыс қалып келген жергілікті жолдарды жөндеу мен жаңадан салу экономикаға мультипликативті әсер берді: шығындар қысқарып, сауда-саттық көлемі өсті, шағын және орта бизнес дамып, өңірлердің инвестициялық тартымдылығы арта түсті. Іс жүзінде күре жолдар еліміздің экономикалық кеңістігінің негізіне айналды. Аталған бағытта жұмыстар жалғасып жатыр.
Теңіз порттарының қазіргі жалпы өткізу қабілеті 22 млн тоннаны, оның ішінде Ақтау порты арқылы шамамен 15 млн тонна және Құрық порты арқылы 7 млн тоннаны құрайды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша порттар арқылы жүк өткізу 8 млн тоннаға дейін артты, контейнерлік тасымал көлемі 90 мыңға жетті. Салыстыру үшін айтсақ, 2024 жылы бұл көрсеткіш шамамен 60 мың контейнер болған еді.
Авиация саласы да тұрақты түрде өсім көрсетіп келеді: егер 2023 жылы әуежайлар 26 млн жолаушыға қызмет көрсетсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 31,8 млн-ға жетті. Қазақстан 30-дан астам елмен әуе қатынасын орнатты, 130 бағыт бойынша 600-ден астам рейс қатынап тұр. Сонымен қатар әуежайлар жаңғыртылып, жаңа терминалдар салынуда, инфрақұрылымдар жаңартылып жатыр.
Биыл Катонқарағайда, Зайсанда, Кендірліде, Арқалықта 4 жаңа әуежай іске қосылмақ. Арқалық қаласындағы 30 жылдан астам уақыттан бері қаңырап, қараусыз қалған әуежай Президенттің тікелей тапсырмасымен қалпына келтірілуде.
Көлік инфрақұрылымының дамуы туристік салаға да тікелей әсер етті. 2022 жылдан бергі пандемиядан кейінгі қалпына келу кезеңінде елімізге саяхаттап келушілер қатары Қытай, Үндістан, Парсы шығанағы елдерінен келген туристер есебінен тұрақты өсіп келеді. Ірі халықаралық Lonely Planet нұсқаулығы Қазақстанды Best in Travel 2025 рейтингіне енгізді, CNN және The New York Times Алматыны үздік туристік бағыт ретінде атап өтті, ал Шымбұлақ Condé Nast Traveler нұсқасы бойынша үздік әлемдік бағыттар қатарына енгізілді.
Осыны ескере отырып, Мемлекет басшысы Алматы тау кластерін одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті. Жобаның табыс көзі де айқын: тау курортының инфрақұрылымына салынған әрбір доллар курорттық экономикаға шамамен бес доллар және жалпы туризм экономикасына 15 доллар кіріс әкеледі.
Осынау ауқымды жобаны жүзеге асыру мыңдаған жұмыс орнын ашып, жыл сайын шамамен 100 млрд теңге салық түсімдерін қамтамасыз етеді.
Президент тапсырмаларына сәйкес мұндағы барлық жұмыс әлемдік стандарттар деңгейіндегі экологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып жүргізіледі.
Мемлекет басшысы күрделі салалардың бірі – энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жүйесін сауықтыру бағытында да батыл шешімдер қабылдады. Аталған салаларда жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстар – жер жердегі бытыраңқы жобалар емес, инфрақұрылымдық мүмкіндікті арттыра түсу жолындағы жүйелі саясаттың көрінісі.
Президент атап өткендей, «Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы кез келген мемлекеттің өмір сүруіне аса қажетті тұғыр саналады». Ауқымды реформалар бастау алғанға дейін бірқатар өңірлерде генерациялық қуат көздері мен жылу желілерінің тозуы 70%-ға дейін жетсе, кей өңірлерде бұл көрсеткіш 80%-дан асып кеткен еді. Энергетикалық нысандарда болған ірі апаттар салдарынан сақылдаған сары аязда кей қалалардағы тұрғын үйлер жылусыз қалған қиын сәтті ешкім де ұмыта қоймаған шығар.
Бүгінде жүргізіліп жатқан тарифтерді ырықтандыру және инвестициялар тарту саясаты бұрынғыдай «жанталаса жамап-жасқаудан» гөрі саланы сапалы деңгейде жаңғыртуға мүмкіндік берді.
Қарағанды, Өскемен, Жезқазған, Екібастұз, Балқаш қалаларында ЖЭО-ны жаңғырту жобалары жүзеге асырылып жатыр. Алматы, Теміртау, Риддерде жылу қуаттары жаңартылуда, сонымен бірге Ақтау, Атырау, Орал, Тараз, Екібастұз (ГРЭС-2) қалаларында стансалардың қуаттарын кеңейту жұмыстары жалғасуда. Одан бөлек Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Көкшетау, Қызылорда, Семей, Тараз, Түркістан, Екібастұз (ГРЭС-3) қалаларында жаңа генерация көздерінің жобалары бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді.
Осымен екінші жыл қатарынан жылу маусымы айтарлықтай апатсыз өтіп жатыр деуге болады.
Президент энергетикалық тұрақтылықты ұлттық қауіпсіздік мәселесі деп атап, мұндағы шешімдер ондаған жылдар ілгері қабылдануға тиіс екенін үнемі айтып келеді. Бұл ретте елімізде электр энергиясын өндіру жоспарлы түрде өсуде. Мәселен, ол 2019 жылғы 106 млрд кВт/сағаттан 2025 жылы 123,1 млрд кВт/сағатқа дейін жетті. Салыстырмалы түрде айтсақ, жеті жылда іске қосылған қуаттардың жалпы көлемі Алматы қаласы мен Алматы облысының бір жарым жылдық тұтынатын электр энергиясына тең.
Жалпы алғанда, 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына қарай Қазақстан электр энергиясы тапшы елдер қатарынан шығып, профициттік деңгейге өтеді.
Сол сияқты Алматыдағы ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-ті табиғи газға ауыстыруға ерекше назар аударылып отыр. Бұл екі ЖЭО-ны толық көшіру осы жылдың соңына дейін аяқталады. Бірнеше жүз миллиард теңге тұратын жобалар қаланың экологиясын айтарлықтай жақсарта түспек.
Ұзақмерзімді генерация балансын қалыптастыру үшін атом энергетикасын дамыту маңызды шешім болды.
АЭС құрылысы электр қуатына сұраныс арта түскен бүгінгідей жағдайда зиянды қалдықтардың ауаға таралуын азайтып, генерация көздерін әртараптандыруды қамтамасыз етеді.
Жоба, сонымен қатар, алдағы уақыттағы технологиялық дамудың, өндірісті локализациялаудың және инженерлік кадр даярлаудың берік негізі болмақ.
Президент жариялаған «Таза Қазақстан» бастамасы жалпыұлттық идеяға ұласты. Бүкіл ел бойынша миллиондаған адам экологиялық акцияларға шығып, табиғи аймақтарды қоқыстан тазарту, көгалдандыру, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жүздеген мың тонна қоқыс жиналып, миллиондаған ағаш көшеттері отырғызылды. Осы идеяның арқасында экологиялық мәдениет қалыптасып, тазалық пен тәртіп күнделікті өмір салтына айналды.
Президент «Әркім өзінен бастауы керек» қағидатына өз тәжірибесімен үлгі көрсетіп келеді. Мемлекет басшысы қоршаған ортаның ғана емес, адамның ой-санасының тазалығына да айрықша мән береді. Бұл бастама ел азаматтарының, әсіресе жастардың тарапынан қолдау тауып, ауқымды қозғалысқа айналды.
Экологиялық күн тәртібінде Мемлекет басшысы су қауіпсіздігі мәселесіне баса назар аударып отыр. Президент тапсырмасы бойынша қазір 20 жаңа су қоймасын салу, кемінде 15 мың шақырым ирригациялық каналды реконструкциялау бағдарламасы жүзеге асырылып келеді.
Еліміздегі көлемді су айдындары – Каспий мен Арал теңіздерін сақтап қалу мәселесі бірінші кезекке шықты. Елімізде аталған акваторияның өзекті мәселелерін терең зерделеу үшін Каспий теңізінің Қазақ ғылыми-зерттеу институты құрылды.
Жинақтап келгенде бұл экологиялық қауіпсіздік пен табиғатты тұрақты пайдаланудың кешенді тәсілін қалыптастырады.
Жаһандық су ресурстары тақырыбындағы маңызды мәселелердің бірі – мұздықтарды сақтап қалу. Сарапшылардың болжамынша, 2100 жылға қарай Орталық Азиядағы мұздықтар көлемі айтарлықтай кішірейеді. Президент осы мәселелерге де айрықша назар аударып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық деңгейде «Су мұнаралары серіктестігін» құру бастамасын көтерді, оның мақсаты – мұздықтарды зерттеу әрі қорғау үшін жаһандық зерттеу орталықтарының күш-жігерін біріктіру, сол арқылы гляциологиялық ғылымды қолдауды ортақ бір жүйеге келтіру.
Әлеуметтік саясатта да сапалы реформалар жүзеге асырылып жатыр. Бюджеттегі әлеуметтік мақсаттағы шығыстар бұрынғысынша жоғары деңгейде сақталып отыр, мәселен, 2025 жылы республикалық бюджеттен аталған салаға 9,3 трлн теңге бағытталды, бұл жалпы шығыстардың 36,5%-ын құрайды.
Сонымен қатар қолдау көрсету философиясы да өзгертілді: көмек мақсатты, әділ әрі ынталандыратындай болуы керек. Ал кейінгі уақыттары қарқынды енгізіліп жатқан цифрлық құралдар үй шаруашылықтарының дамуын дәлірек бағалауға, тиімсіз төлемдерді қысқартуға және ресурстарды неғұрлым өзекті бағыттарға қайта бөлуге мүмкіндік береді.
Осы тұста кейінгі жылдары адами капиталға жұмсалатын инвестициялар айтарлықтай өсе түскенін айта кету керек: білім беру мен ғылымға салынған инвестициялар бес еседен асты, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызмет көрсетуге 3,7 есе өсті. Маңызды көрсеткіштердің бірі – өмір сүру ұзақтығы, ол елімізде шамамен 76 жасқа жетті, бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 3 жылға артық.
Өскелең ұрпақтың жағдайына да ерекше көңіл бөлініп келеді. Осы орайда «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы – Президенттің маңызды бастамаларының бірі.
Бағдарлама шеңберінде қазақстандық балалардың шотына Ұлттық қордың инвестициялық кірісінен жыл сайын қаражат аударылады, оны әр бала 18 жасқа толғаннан кейін білім алуға немесе тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында пайдалана алады. Бағдарлама жүзеге асырылған үш жыл ішінде еліміздегі жеті млн баланың шотына 2,5 млрд доллардан астам қаражат аударылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасы бекітілді, ол Қазақстандағы балалардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету бойынша барлық қолданыстағы және жоспарланған іс-шаралардың басын біріктіреді. Аталған құжат елдегі әрбір баланың құқықтары мен әл-ауқатын жүйелі түрде қорғауды қамтамасыз ететін орнықты мемлекеттік саясаттың негізі болып табылады.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы айқындап берген басымдықтардың бірі – мектеп инфрақұрылымындағы қордаланған проблемаларды жою. Осы мақсатта кейінгі жеті жылда 1 300-ден астам жаңа мектеп салынды, апатты және үш ауысымды білім ошақтарының саны айтарлықтай азайып, материалдық-техникалық база жаңартылды. Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ғана 2023–2025 жылдары бүкіл еліміз бойынша ең жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 217 мектеп салынды.
TALIS-2024 халықаралық зерттеуіне сәйкес, Қазақстан мұғалімдердің еңбекақысымен қанағаттану деңгейі бойынша әлем елдерінің үздік бестігіне кірді. Егер 2018 жылы бұл көрсеткіш небәрі 39% болса, 2024 жылы 71%-ға жетті. Еліміздегі педагогтердің 95%-ы өз жұмысына көңілі толатынын айтты.
Мектепке дейінгі ұйымдар желісі де кеңейіп, олардың қатары 12 мыңға жетті. Медициналық мекемелер саны 830-ға дейін артты, ал дәрігерлердің саны 83 мыңнан асты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауынша, еліміз ана өлімінің төмендеу қарқыны бойынша әлемдегі жетекші он елдің қатарына кіреді: көрсеткіш тарихи минимумға дейін төмендеді.
Президенттің бастамасы бойынша 2021 жылы «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылды, оның шеңберінде жыл сайын экстракорпоральды ұрықтандыру рәсімдерін жүргізуге 7 мың квота бөлінеді, бүгінде бұл бағдарламаны 28 мың әйел пайдаланды. Бағдарлама іске қосылғалы 11 мың нәресте дүниеге келді.
Ғылым мен жоғары білімді дамыту Президент тарапынан технологиялық және экономикалық өсімнің стратегиялық негізі ретінде қарастырылып отыр. Елімізде зерттеу университеттері мен ғылыми орталықтарды қолдау күшейтіліп, ғылыми зерттеулерге арналған гранттар саны артып келеді.
Қазақстанда жетекші шетелдік университеттердің филиалдары мен өкілдіктері ашылып, бірлескен кампустар мен білім беру бағдарламалары құрылуда, бұл шетелге білім іздеп кетушілер қатарын азайтып, жаһандық академиялық кеңістікке ықпалдасу үдерісін кеңейтеді.
Мемлекет басшысы біздің алдымызға ғылымды өнеркәсіппен интеграциялау міндетін қойды. Олардың ішінде әзірлемелерді коммерцияландыру, университеттер жанынан ғылыми парктер мен инновациялық экожүйелер құру бастамалары бар.
Сондай-ақ бұқаралық спорт пен қолжетімді спорттық инфрақұрылымды дамыту – Президент саясатының басым бағыты санатында.
Өңірлерде жүздеген спорт нысандары бой көтеріп, жаңғырту жұмыстары жүргізілді, мыңдаған мектеп және аула алаңдары желісі жұмыс істейді, ал азаматтардың дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысу деңгейі 45%-ға жетті.
Бұл ретте жаңадан салынған әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың бір бөлігі қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылып жатқанын атап өту аса маңызды. Өйткені бұл бюджетке салмақ салмай, өткір проблемаларды жедел шешуге мүмкіндік берді.
Мәселен, денсаулық сақтау саласында 183 нысан қайтарылған қаражат есебінен салынды, бұл «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту ұлттық жобасын» жүзеге асыру қарқынын арттыруға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, бүгінде Ұлттық жоба аясында еліміздің ауылдық елді мекендерінде жаңадан бой көтерген 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, осы қаражат есебінен Шығыс Қазақстан облысындағы көпсалалы аурухана мен Гематология орталығының, Маңғыстау облысындағы жедел медициналық жәрдем стансасының, Қарағанды облысындағы онкологиялық диспансердің операциялық-реанимациялық блогінің және басқа да ірі медициналық орталықтардың құрылысы жүріп жатыр.
Ел экономикасына қайтарылған қаражат есебінен 227 сумен қамтамасыз ету нысаны реконструкцияланды.
Сондай-ақ мектептердің, спорт нысандарының құрылысына, коммуналдық инфрақұрылымға және басқа да әлеуметтік маңызы бар жобаларға қаражат жұмсалуда. Тағы бір жарқын мысал ретінде былтыр пайдалануға берілген Kokshe Arena көпсалалы спорт кешенін және Ақмола облысының Зеренді ауылында жаңадан салынған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін, Петропавлдағы балабақша ғимаратын, Түркістан облысындағы музыка мектебін айтуға болады. Мұндай нысандар еліміздің әр өңірінде бар.
Айта кету керек, активтерді қайтару саясаты тек заң аясында жүзеге асырылады және міндетін адал атқаратын заңды кәсіпкерлік қызметке ешқандай әсер етпейді.
Қаражатты ашық әрі мақсатты пайдалану болжамды іскерлік ортаны қалыптастырып, инвестициялық тартымдылықты нығайту құралы ретінде инвесторлардың сенімін арттыра түседі.
Мемлекеттік басқару жүйесінде де елеулі өзгерістер орын алды. Бюджет және салық саясаты біртіндеп тұрақталып келеді, ортамерзімді жоспарлау тетіктері күшейтілді, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалау құралдары енгізілді. Бюджет процесі нәтижеге және даму басымдықтарына бағдарланып отыр, бұл шығыстарды әлеуметтік-экономикалық мақсаттармен байланыстыруға мүмкіндік береді.
Салық реформасы – уақтылы қабылданған шешім болды. Ол қордаланған мәселелердің жауабын табуға жол ашты. Салық реформасы айқын әрі әділ жүйені қалыптастыруға, бизнестің жасанды түрде бөлшектену мүмкіндіктерін азайтуға және адал әрі әділ бәсекелестікке жағдай жасауға бағытталған.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес салық қызметі бизнес және азаматтармен өзара іс-қимылдың сервистік моделіне көшуде: салық қызметтерін цифрландыру, тәуекелдердің алдын ала отырып қадағалау және есеп беруді автоматтандыру, фискалдық тұрақтылықты қолайлы әрі болжамды ортамен үйлестіре отырып, адал салық төлеушілерге жүктемені азайтады.
Мемлекеттік және қоғамдық өмірдің барлық саласында Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен Тәртіп» қағидаты басты орында тұр.
Аталған ұстаным қоғамдық қауіпсіздік пен құқық үстемдігіне толық кепілдік береді әрі Әділетті Қазақстанды құрудың негізгі шарты болып табылады.
Азаматтардың, қоғамның және мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – басты басымдық. Бүгінде құқық қорғау жүйесін жаңғырту, оның жұмысының ашықтығын арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып жатыр.
Мәселен, озық цифрлық шешімдер енгізілуде, сервистік полиция практикасы дамып, кадрлық әлеует нығайтылып жатыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен цифрлық трансформация жүзеге асуда. 2019 жылдан бері Қазақстан жекелеген қызметтерді цифрландырудан бастап, оның кең ауқымды моделіне дейінгі жолдан өтті. Бұл инфрақұрылымдағы маңызды тетіктердің қатарында мемлекеттік органдар мен жекеменшік сервистер арасында деректер алмасуды қамтамасыз ететін және цифрлық бизнес модельдері мен қаржылық техникалық шешімдер үшін ашық экожүйені қалыптастыратын Smart Bridge интеграциялық платформасын айтуға болады. Цифрландыру біздің мемлекетке азаматтарға проактивті форматта қызмет ұсынып, қолдау көрсетуге мүмкіндік берді.
Цифрландырудың экономикалық әсерін бюджет шығыстары мен әлеуметтік қолдаудың тиімділігін арттыру арқылы байқауға болады. Қазақстан БҰҰ EGDI индексінде 193 елдің ішінде 24-орында тұр және онлайн-сервистер деңгейі бойынша әлемдік көшбасшылардың ондығына кіреді.
Бұған қоса, Президент бастамасымен Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы құрылды, ол қазірдің өзінде зерттеушілерді, стартаптар мен новаторларды тарту алаңына айналып үлгерді.
Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялағаны белгілі. Үкімет экономика мен мемлекеттік басқарудың барлық саласына озық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізуге бағытталған Digital Qazaqstan стратегиясын әзірлеп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін қолына алған жеті жыл дағдарыстарға жедел әрекет етуден жүйелі дамуға көшу кезеңі болды: экономика анағұрлым әртараптандырылған, инвестициялар орнықты, инфрақұрылым барынша сенімді, әлеуметтік саясат мейлінше тиімді бола түсті.
Осынау батыл қадам Қазақстанға институционалдық тұрғыда қалыптасқан модель мен ұзақмерзімді басымдықтарға сүйене отырып, болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік береді.
Бүгінде Қазақстан дамудың тарихи кезеңінде тұр. Мемлекет басшысының бастамасымен кең ауқымды ашық талқылау қорытындысы бойынша сарапшылардың және ғылыми қауымдастықтың, қазақстандық қоғамның барлық сала өкілдерінің пікірі ескерілген еліміздің түбегейлі жаңа Конституциясының жобасы әзірленді.
Жаңа Ата заңымыздың басты ерекшелігі — оның өршіл рух пен кемел келешекке деген ұмтылысында. Құжат халықтың арман-мұратымен үндесіп жатыр. Онда мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы ұзақмерзімді тұрақты дамуының берік негізін қалап, бірнеше буын ұрпақтың амандығы мен қауіпсіз өмірін қамтамасыз етудегі ерік-жігері айқын көрініс тапқан.
Мен еліміздің азаматтары дұрыс таңдау жасап, Мемлекет басшысының бастамасын қолдап, Қуатты, Әділетті, Өркендеген Қазақстанды құруға өз үлесін қосатынына сенімдімін.
Олжас БЕКТЕНОВ,
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі