Иран зымыраны Дубайдағы қазақстандық «элитаның» пәтерлеріне түсті ме?

Qaz365.kz редакциясы

Бұған дейін аталған нысандағы 97 пәтер Қазақстан азаматтарына тиесілі деген ақпарат тараған еді

Fairmont The Palm/скрин

Дубайда зымыран түскен ғимараттағы пәтерлердің иесі нақты белгісіз. Бұл мәселеге қатысты Сыртқы істер министрінің орынбасары баспасөз брифингінде нақты жауап бермеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұған дейін әлеуметтік желіде аталған нысандағы 97 пәтер Қазақстан азаматтарына тиесілі деген ақпарат тараған еді.

Иран Парсы шығанағындағы елдерге, соның ішінде Дубай қаласына да шабуыл жасаған. Соққы салдарынан қазақстандықтар жиі үй алатын Fairmont The Palm резиденциясына зақым келіп, өрт шыққаны хабарланды.

Журналист Манас Қайыртайұлы Fairmont The Palm кешенінен пәтер алған азаматтардың бірқатарының аты-жөнін жариялады.

Бұған дейін Азаттық радиосы C4ADS ұйымының зерттеуіне сілтеме жасаған еді. C4ADS – халықаралық қылмыс пен қақтығыстарды зерттейтін коммерциялық емес ұйым. Штаб-пәтері Вашингтон қаласында орналасқан. 2020–2021 жылдарға арналған есепке сәйкес, 1550 қазақстандықтың Дубайда 2700 жылжымайтын мүлкі бар. Олардың жалпы құны шамамен 1 млрд АҚШ долларына бағаланған.