Таяу Шығыстан қанша қазақстандық елге оралды?

Qaz365.kz редакциясы
Нұрбибі Теміртасова/ Kazinform

Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты Қазақстан азаматтарын елге қайтару жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы Қазақстан көлік министрлігі Азаматтық авиация комитеті мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ведомство мәліметінше, 4 наурыз күні Қазақстан әуежайларына Таяу Шығыс елдерінен оралған азаматтар мінген бірнеше рейс қонды.

Air Astana әуе компаниясы Медина және Жидда қалаларынан бірқатар рейс орындады. Ақтауға ұшып келген рейс 21:28-де қонды, бортта 142 жолаушы болды. Ал Атырауға түнде үш рейс келді: Мединадан 145 жолаушысы бар ұшақ 01:19-де жетті, Жиддадан тағы екі рейс 02:50 және 03:34-те қонып, олармен 174 және 179 жолаушы жеткізілді.

Сонымен қатар SCAT Airlines Алматы – Маскат – Алматы бағыты бойынша Boeing 767 ұшағымен (шамамен 290 орын) рейс орындап жатыр.

Көлік министрлігінің дерегіне сәйкес, қазіргі уақытқа дейін Қазақстанға барлығы 946 азамат қайтарылған. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.

Бұған дейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі қақтығыс аймағынан азаматтарды шығару үшін алғашқы эвакуациялық рейстер ұйымдастырылғанын хабарлаған еді. Алматы – Маскат – Алматы бағыты бойынша екі рейс жоспарланған.

Алғашқы топтағы 278 қазақстандық таңертең құрлық арқылы Маскат қаласына жеткізілген. Оларды Дубай қаласындағы Қазақстанның Бас консулдығы қызметкерлері алып жүрген. БАӘ мен Оман шекарасында азаматтарға шекаралық рәсімдерден жедел өту үшін консулдық көмек көрсетілген.

Кейін дәл осы бағытпен тағы 189 қазақстандықтың ұшуы жоспарланған. Осылайша жалпы 467 азамат елге қайтарылады.

Сонымен қатар азаматтарды шығару құрлық жолымен де жүзеге асырылып жатыр. Қазақстанның Тегеран, Ашхабад және Горган қалаларындағы дипломатиялық өкілдіктері 15 азаматтың Иран мен Түрікменстан шекарасындағы «Инчебурун» бекеті арқылы қауіпсіз өтуін қамтамасыз еткен. Кейін олар Ақтауға жетуіне көмек көрсетілген.

Бұдан бөлек, дипломаттар Ираннан «Заркух» компаниясының қалған 35 қызметкерінің шығуын ұйымдастырды. Олар автобуспен Иран мен Армения шекарасын кесіп өткен.

Айта кетейік, бұған дейін Flydubai 3 наурыз күні Дубай – Астана және Дубай – Алматы бағытында екі рейс орындап, 306 жолаушы тасымалдаған.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Алибек Бакаев Қазақстан алдағы екі күн ішінде БАӘ мен Қатардан Оман және Сауд Арабиясы арқылы 800-ден астам азаматты елге қайтаруды жоспарлап отырғанын мәлімдеген.

СІМ мәліметінше, қазір БАӘ-де 3,5 мың қазақстандық, Сауд Арабиясында шамамен 3 мың, Қатарда 1,5 мың адам бар. Ал Иранда – 82, Бахрейнде – 168, Кувейт пен Иорданияда – әрқайсысында 134 азаматтан, Израильде шамамен 100 қазақстандық жүргені айтылды.