Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкиан аймақтағы жағдайдың күрт ушығуына байланысты Таяу Шығыс көшбасшыларына ресми жолдау жариялады. Мемлекет басшысы өзінің X әлеуметтік желісіндегі парақшасында Тегеранның қарулы қақтығысқа амалсыз барғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Пезешкианның айтуынша, Иран тарапы соғысты дипломатиялық жолмен тоқтатуға тырысқан, алайда АҚШ пен Израильдің әскери шабуылдары елді қорғаныс шараларын қабылдауға мәжбүр еткен.
«Біз соғыстан қашқымыз келді, бірақ американ-сионистік шабуылы бізге өзімізді қорғаудан басқа жол қалдырмады», – деді ол.
Сондай-ақ Президент Иранның көрші елдердің егемендігін құрметтейтінін және аймақтағы тыныштықты тек жергілікті мемлекеттер ғана қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранның ядролық бағдарламасына байланысты әскери операция бастаған болатын. Дональд Трамп бұл қадамды Тегеранның ядролық амбициялардан бас тартпауымен түсіндірді. Иран қалаларына жасалған соққылар кезінде рухани көсем Әли Хаменеи қаза тапқан соң, Тегеран жауап ретінде Израиль мен АҚШ-тың аймақтағы базаларына зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын жаудырды.