Жаңа Конституцияда негізгі құндылықтар ретінде білім мен ғылым, мәдениет және инновациялар бекітілген
Ел болашағы мен алдағы өзгерістер жөнінде пікір алмасып, мемлекетіміздің негізгі заң жобасын талқылауға белсенді түрде қатысып жүрген қоғамдық ұйымдардың қатарында Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесі де бар, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесі өзінің онжылдық тәжірибесі аясында қоғамның барлық саласындағы кәсіби маманданған және бала тәрбиесімен үй жағдайында отырған аналардың, тұлымшағы желбіреген қыздар мен асыл әжелердің басын бір арнаға тоғыстырған, әлеуеті мен мәдениетін, қажеттіліктері мен сұраныстарын, мұң-мұқтажын толық таныған, соған сай мегаполистер мен шалғай ауылдарға дейін жүйелі жұмыс ұйымдастыра алған ауқымды ұйымға айналды. Яғни, «Ана мәдениетті болса ұлт мәдениетті болады» деген қағиданы ту етіп, осы жолда қоғамға риясыз қызмет етіп келе жатқан да осы аналар көші.
“Бұл ретте, біз, аналар бірінші кезекте жаңа Конституция жобасы отанның іргетасы – әр отбасыға, қарт қазыналарымызға, әке мен анаға, балаларға не ұсынады деген сұрақтың жауабына үңілдік. Ең бастысы, ол – тұрақтылық пен болашаққа сенім. Жаңа Конституция ел дамуының тұрақты әрі болжамды болатынына кепілдік береді. Бұл отбасы институтын нығайтуда аса маңызды қадам. Әсіресе, көпбалалы ата-аналар үшін Конституцияның Қазақстанды әлеуметтік мемлекет ретінде тануы, онда әр адамның құқықтары мен бостандықтарының туғаннан бастап қорғалуы балаларды тәрбиелеу мен болашақты жоспарлауы үшін маңызды. Екіншіден, Конституцияның отбасын қоғамның негізі ретінде бекітуі және некенің, отбасылық қатынастардың, ана мен әке құқықтары мен балалық шақтың мемлекеттің қорғауында екенін нақты көрсетуі әр отбасы мүшесі үшін маңызды. Бұл дегеніміз, балалар мен отбасыларды қолдау уақытша науқанды шара емес, мемлекет үшін негізгі міндет болып табылатынының кепілі. Отбасы – балаларды қорғау және әлеуметтік бейімдеу институты, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды ұрпаққа жеткізудің негізгі құралы, оның жан-жақты қорғалуы отбасы институтының бекуімен қатар, отанымыздың беріктігінің кепілі. Үшіншіден, неке ерікті және ер мен әйелдің тең құқықты одағы ретінде танылуы дәстүрлі отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған дұрыс шешім. Некенің еріктілігі қағидатын Конституцияға енгізу кез келген мәжбүрлеу формаларына қарсы құқықтық негіз болады. Ресми некені тіркеу мемлекет тарапынан кепілдік болып табылады: ол құқықтық айқындық беріп, жұбайлар мен балалардың құқықтарын қорғайды, отбасылық қатынастардың теңдігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Бұл өзара сенімді нығайтуға және заң тарапынан қорғауда екенін сезінуге сеп. Бүған қоса тегін білім беру және балалардың жан-жақты дамуының заңдық тұрғыда көрініс табуы”, – дейді Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Баян Ахатай.
Баян Ахатай сондай-ақ мемлекет тек отбасы мен некенің құндылығын жариялап қана қоймай, оны жан-жақты қолдайтынын айтып өтті. Еліміз мемлекеттік оқу орындарында бастауыш және орта білім алуды міндетті және тегін қамтамасыз ететіне тоқталды.
“Көпбалалы отбасылардың балалары үшін мемлекеттік жоғары оқу орындарында конкурс негізінде тегін білім алу құқығы сақталады. Бұл отбасының қаржылық жағдайына қарамастан, әр баланың білім алуына және кәсіби дамуына тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, жаңа Конституцияда негізгі құндылықтар ретінде білім мен ғылым, мәдениет және инновациялар бекітілген. Бұл балаларды тәрбиелеу мен оқытумен тікелей байланысты және олардың жан-жақты әрі үйлесімді дамуына жағдай жасайды. Сонымен қатар, зайырлы мемлекет және балалардың таңдау еркіндігі мәселесін атап өтуге болады. Конституцияда мемлекет діннен бөлінген деп көрсетіледі. Бұл мектептерде немесе басқа оқу орындарында балаларға діни көзқарастарды мәжбүрлеп таңуға болмайтынын білдіреді. Әр бала мен жасөспірім өз бетінше сенуге немесе сенбеуге, сондай-ақ қандай дінді ұстанатынын таңдай алады. Ал ата-аналардың ата дәстүрімізді діңгек ете отырып, бала бойына рухани тәрбие темірқазығын нық қадауы тұлғалық қалыптасудың негізі болатынын ескерген жөн”, – деген ойын білдірді.
Аналар кеңесі төрағасының орынбасарының айтуынша, сондай-ақ жаңа Конституция цифрлық технологияларды дамытуға және интернеттегі қауіпсіздікке мән береді. Мемлекет азаматтардың жеке деректерін қорғауды өз мойнына алады.
“Көпбалалы отбасылар үшін бұл мемлекеттік және әлеуметтік қызметтердің көпшілігін онлайн түрде, ХҚКО-ға, емханалар және басқа мекемелерге бармай-ақ, тез әрі ыңғайлы алу мүмкіндігін білдіреді. Электронды үкіметпен өзара әрекеттестіктегі жылдамдық пен тиімділік тетігі жаңа технологияны пайдаланумен қатар, цифрлық қауіпсіздік кепілдігі ретінде көрсетілген. Жалпы, Әділетті және прогрессивті Қазақстан құрудың, заң мен тәртіп үстемдігін орнатудың ең басты алғышарты сапалы адам капиталын қамтамасыз ету екені белгілі. Біз, аналар, еліміздің болашағы үшін шешуші сәтте мемлекетімізге қолдау білдіріп қана қоймай, осынау тарихи кезеңнің сапалы қатысушысы ретінде үн қатуымыз қажет деп ойлаймын”, – деді Баян Ахатай..