Халықаралық энергетика агенттігі мұнай тапшылығын жою үшін өз резервінің үштен бірін нарыққа шығарады

Qaz365.kz редакциясы
Athit Perawongmetha/Reuters

Халықаралық энергетика агенттігі (ХЭА) Парсы шығанағынан мұнай экспортының тоқтауын өтеу үшін ұйымға мүше елдердің резервінен 400 миллион баррель мұнайды нарыққа шығару туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі ВВС-дің орыс қызметіне сілтеме жасап.

Бұл көлем агенттікке мүше елдердің жалпы қорының шамамен үштен бірін құрайды. Ұйымның атқарушы директоры Фатих Бироль мұнай нарығындағы қазіргі қиындықтардың ауқымы бұрын-соңды болмаған деңгейде екенін атап өтті. ХЭА құрамына Еуропа мен Солтүстік Американың 32 мемлекеті, сондай-ақ Жапония, Оңтүстік Корея, Австралия және Израиль секілді елдер кіреді. Әр ел резервтегі мұнайды нарыққа нақты қашан шығаратынын өз бетінше шешеді.

Бұл қадам Иран тарапынан айтылған қатаң мәлімдемелерден кейін жасалып отыр. Сәрсенбі күні Иран қарулы күштері жедел қолбасшылық штабының баспасөз атташесі Эбрахим Зольфакари АҚШ пен оның одақтастары үшін Ормуз бұғазы арқылы «бір литр де мұнай» өткізбейтінін мәлімдеді. Ол аймақтағы қауіпсіздіктің бұзылуына байланысты мұнай бағасы 200 долларға дейін көтерілуі мүмкін екенін ескертті. Айта кетейік, сәрсенбі күні Ормуз бұғазында белгісіз себептермен үш сауда кемесі зақымдалған болатын.

Мамандардың пікірінше, 400 млн баррель мұнайды нарыққа шығару – уақытша шара, себебі әлем бұл көлемді небәрі төрт күнде тұтынады. Нарықтағы тапшылық тек Ормуз бұғазы арқылы танкерлердің еркін қозғалысы қалпына келгенде және мұнай инфрақұрылымы соғыс салдарынан қирамаған жағдайда ғана жойылады. Бұл ХЭА тарихындағы алтыншы ірі интервенция болып табылады; бұған дейін мұндай шаралар 1991, 2005, 2011 және 2022 жылдары қолданылған еді.