Президент кеңесшісі Ордабасы ауданының тұрғындарымен кездесті

Qaz365.kz редакциясы

Мәлік Отарбаев елімізде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік реформалар туралы айтты

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен келіп, Ордабасы ауданындағы тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Сапар барысында ол ең алдымен Темірлан ауылындағы Ордабасы аудандық «Өнер» мектебінің жұмысымен танысты

Маңызды басқосуға  ауданның зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, жастар мен мәдениет саласының қызметкерлері қатысты.

Жиынды облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев ашып, елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен жүзеге асып жатқан саяси реформалардың маңызына тоқталды.

Кездесу барысында Ордабасы ауданының Құрметті азаматы Жүсіп Лесбек, «Ордабасы оттары» газетінің редакторы Ғалымжан Зиябек, аудандық Жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Әділет Әбухайыров және білім саласының өкілі Рүстем Үсенов сөз сөйлеп, ел дамуы мен қоғамдағы өзекті мәселелер жөнінде пікір білдірді.

Жиында сөз алған Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев елімізде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік реформалар туралы айтып, олардың басты мақсаты – мемлекеттілікті нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру және әділетті қоғам қалыптастыру екенін атап өтті. Сондай-ақ тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, ел дамуына қатысты ойларымен бөлісті.

Басқосуда мәдени бағдарлама да ұйымдастырылып, өнерпаздар патриоттық әндер орындады.

Айта кетсек, Ордабасы ауданында өткен бұл кездесу тұрғындар мен билік өкілдері арасындағы ашық диалог алаңына айналып, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді.