«Тарихи сәт – мемлекетіміздің тұрақтылығына кепіл»: Алматы облысының әкімі референдумда дауыс берді

Qaz365.kz редакциясы

Өңірде жалпы саны 677 референдум учаскесі ашылған

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Марат Сұлтанғазиев республикалық референдум аясында дауыс берді. Өңір басшысы Қонаев қаласындағы №949 референдум учаскесіне барып, өз таңдауын жасады. Аймақ басшысы бұл күннің ел үшін маңызы ерекше екенін атап өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Бүгін еліміз үшін аса маңызды тарихи сәт. Өзім тіркелген референдум учаскесіне барып, Алматы облысы тұрғыны әрі осы елдің азаматы ретінде таңдауымды жасадым. Әр азаматтың таңдауы мемлекетіміздің тұрақтылығы мен дамуына негіз болады», – деген Марат Елеусізұлы Алматы облысында бұл науқанды ұйымдастыру үшін ауқымды жұмыстар атқарылғанын баяндады.

Облыс басшысы өңірде жалпы саны 677 референдум учаскесі ашылғанын айтып өтті. Оның ішінде ауруханалар, әскери бөлімдер мен әлеуметтік орындарда 36 учаске жұмыс істеп тұр. Дауыс беру процесін жүргізуге тартылған 4781 маманның барлығы арнайы оқудан өтіп, дайындықтарын пысықтады. Сондай-ақ 16 қоғамдық ұйым өкілі бақылау жүргізуде.

«Тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін цифрлық мүмкіндіктер де қарастырылған. Учаскелердің басым бөлігі азаматтарды тексеру жүйесіне қосылған. Қонаев, Есік, Талғар, Қаскелең қалалары мен Өтеген батыр кентіндегі 5 учаскеде тұрғындарды тікелей сол жерде тізімге қосу мүмкіндігі бар. Облыс бойынша референдумға қатысу құқығы бар 1 миллионнан астам азамат тізімге еніп, олардың барлығына шақыртулар таратылды. Мүмкіндігі шектеулі жандардың кедергісіз дауыс беруіне ерекше көңіл бөлінді. Облыстағы 2320 мүгедектігі бар азамат үшін учаскелерде арнайы пандустар, ыңғайлы кабиналар мен көру, есту қабілеті нашар жандарға арналған көмекші құралдар мен белгілер орнатылды», – деген облыс әкімі өзгеріс жауапкершіліктен басталатынын, жаңартылған Конституция әрқайсымыздың құқығымызды нығайтып, мемлекеттің халық алдындағы міндетін айқындай түсетінін жеткізді.

Айта кетейік, бүгін Қазақстан бойынша Жаңа Конституция жобасына қатысты республикалық референдум өтіп жатыр. Кәмелет жасына толған әрбір азамат өз таңдауын жасауға құқылы.