Мұрат Сергебаев – Қонаевтағы белгілі кәсіпкерлердің бірі.
Республикалық референдум күні Қонаев қаласында ретроавтокөліктердің автошеруі өтті. Акцияға қатысушылар дауыс беру учаскелеріне көне автокөліктермен келіп, ел өміріндегі маңызды саяси оқиғаға бейжай қарамайтынын және азаматтық ұстанымдарын көрсетті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ерекше бастаманың авторы – Қонаев қаласының құрметті азаматы, меценат Мұрат Сергебаев. Сәні мен салтанаты жарасқан ретроавтокөліктер колоннасы қаланың орталық көшелерімен жүріп өтті. Сирек кездесетін көліктер тұрғындардың ерекше қызығушылығын тудырып, көпшілік оларды тамашалап, суретке түсіп, әсерлерімен бөлісті. Автошеру референдум күні қала өміріне ерекше сән беріп, есте қаларлық шаралардың біріне айналды.
Мұрат Сергебаев – Қонаевтағы белгілі кәсіпкерлердің бірі. Ол қайырымдылық жобаларға белсенді қатысып, қаладағы қоғамдық бастамаларды қолдап келеді. Сонымен қатар ол қаладағы бірегей нысандардың бірі саналатын ретроавтокөліктер музейінің негізін қалаушы.
Референдум күні Мұрат Сергебаев өзі тіркелген учаскеге барып, азаматтық таңдауын жасады.
«Бүгін мен республикалық референдумға қатысып, өз дауысымды бердім. Кәсіпкер ретінде тұрақтылық пен заң үстемдігі бизнестің дамуына тікелей әсер ететінін жақсы түсінемін. Ел болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданатын сәтте қоғамның бірлігі аса маңызды», – деді ол.