Референдум - 2026: Спорт саңлақтары өз таңдауларын жасады

Qaz365.kz редакциясы

Ел ертеңіне бейжай қарамай, азаматтық міндеттерін орындады

РСК Алматы

Ел тұрғындары республикалық референдумға белсенді түрде қатысып, дауыстарын беріп жатыр. Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, таңғы сағат 10:00-ге дейін 2 миллионнан астам бюллетень толтырылған. Олардың ішінде ел намысын жыртып жүрген спортшыларымыз да аз емес, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бокстан Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов әлеуметтік желіде сайлау учаскесіне келіп, дауыс бергені жайында пост жариялады. 

«Бүгін референдумға қатысып, өз таңдауымды жасадым. Әрқашан елімнің намысын қорғап келдім, ал бүгін азамат ретінде өз пікірімді білдірдім», деп жазды былғары қолғап шебері.

Еркін күрестен Лондон олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров да ел ертеңіне бейжай қарамайтын жұрттың қатарынан табылып, азаматтық міндетін орындады.

«Әр адамның, әрбір қазақстандық азаматтың дауыс беруі – еліміздің болашағы мен келешек ұрпақтың тағдыры үшін маңызды. Сол себептен мен өз дауысымды беріп, таңдауымды жасадым», деді ол.

Сондай-ақ 1994, 1998 жылдардағы қысқы олимпиада ойындарының қатысушысы, конькимен жүгіруші Кенжеш Сәрсекенова, грек-рим күресінің ардагері Салин Рүстембеков, футбол ардагері Сарман Рахимшалов, конькимен жүгіру спортынан жастар арасында әлем чемпионы Кристина Шумекова да республикалық референдумда дауыстарын берді.