«Жау қуған жоқ еді»: Бәпи журналистердің ұсталуына байланысты пікір білдірді

Qaz365.kz редакциясы

15 наурыз күні Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдум өтті. Ел бойынша дауыс беру учаскелерінде полиция бірнеше журналис пен белсенділерді ұстады. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи осы жағдай жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Әлеуметтік желілерде тараған мәліметке зер салсақ, референдум кезінде журналист Сәния Тойкенді қызымен бірге полиция ұстаған. Ол өз парақшасында қызы екеуін полиция бөлімшесіне апарғандарын айтты. Оның сөзінше, «Информбюро» тілшісі Әйгерім Ескендірованы да ұстаған. «Азаттық» радиосының тілшісі Жолдас Өрісбайды да полиция бөлімшесіне апарып, 3 сағат ұстап босатқан.  

Бұл жағдайға мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи пікір білдіріп, билік органдарынан түсініктеме беруді талап етті. Оның айтуынша, журналистерді ұстап әкету дұрыс қадам болмаған.

«Мен де сіздер сияқты бұл ұстауларды ашық ақпарат көздерінен оқып білдім. Менің сауалыма тиісті органдар: ұсталған (бірер сағаттан кейін босатылған) журналистердің нақты жерден хабар таратуға тіркеуі (аккредитациясы) болмаған деп жауап берді. Бірақ қалай болғанда да, елдің ерен заңы — Конституция қабылданып жатқан референдум кезінде журналистерді ұстап әкететіндей, жау қуып келе жатқан жоқ еді! Олардан ертеңінде түсінік алынса немесе әкімшілік жауапқа тартса, өртеніп кетер ештеңе болмасы нақ. Мұндай үлкен саяси науқан үстінде билік тарапынан сабыр мен салауаттық таныту әдебі сақталуы керек-тін. Сондықтан ҚР Бас прокуратурасынан, ІІМ-і мен Ақпарат министрлігі Парламент пен қоғамға бұл жағдаят жөнінде тиісті ақпараттық түсінік беруі тиіс», — деді Ермұрат Бәпи. 

Айта кетейік, тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев та  Астанадағы бөлімшеге келіп дауыс берді.