Дубай әуежайына үшінші мәрте шабуыл жасалып, өрт шықты

Qaz365.kz редакциясы
Видеодан кадр

Дүйсенбі, 16 наурызда Дубай халықаралық әуежайы маңында болған дрон шабуылынан кейін өрт шығып, әуе қатынасы уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Qaz365.kz БАӘ Азаматтық авиация басқармасына сілтеме жасап.

Дубай билігінің мәліметінше, дрон соққысы жанармай резервуарларының біріне зақым келтірген, алайда қазіргі уақытта тілсіз жау бақылауға алынды. Қауіпсіздік шараларына байланысты Emirates әуе компаниясы рейстерді тоқтатып, бірқатар ұшақтар Аль-Мактум әуежайына бағытталды. Сондай-ақ, әуежай маңындағы жолдар мен туннельдерде қозғалыс шектелді. Ведомство бұл шешімді жолаушылар мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы сақтық шарасы деп түсіндірді.

Бұл — 28 ақпанда Иран мен Израиль-АҚШ одағы арасында соғыс басталғалы бері әлемдегі ең ірі көлік хабтарының біріне жасалған үшінші шабуыл. Қақтығыс басталғалы БАӘ әуе қорғанысы жүйесі 1500-ден астам дрон мен 300-ге жуық зымыранды атып түсірген. Соғыс салдарынан Таяу Шығыс әуе кеңістігінің басым бөлігі жабылып, халықаралық авиацияда рейс кешігулері мен жанармай бағасының өсуі байқалуда.

Еске сала кетейік, аймақтағы шиеленіс 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған жаппай соққысынан кейін басталды. Соның салдарынан Иранның рухани көсемі Әли Хаменеи қаза тауып, Тегеран бұған жауап ретінде көршілес елдерге соққы беруде. Сонымен қатар Иран әлемдік мұнай саудасының бестен бірі өтетін Ормуз бұғазын жабатынын жариялап, су айдынын миналауға көшті.