Израиль Иранның тағы бір лауазымды тұлғасын өлтіргендерін мәлімдеді

Qaz365.kz редакциясы
REUTERS / ZUMA Press Wire/Iranian Presidency

Израиль Қорғаныс министрі Исраэль Кац 18 наурызға қараған түні жасалған әуе соққысы нәтижесінде Иранның Барлау министрі Эсмаил Хатибтің қаза тапқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл оқиға елді іс жүзінде басқарып келген Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әли Лариджани өлімінен кейін тура бір тәулік өткенде орын алып отыр. Исраэль Кацтың айтуынша,премьер-министр Биньямин Нетаньяху екеуі Израиль қорғаныс әскеріне (ЦАХАЛ) Иранның кез келген жоғары лауазымды тұлғасын қосымша келісімсіз-ақ жоюға толық өкілеттік берген.

Иран билігі әзірге Эсмаил Хатибтің өліміне қатысты түсініктеме берген жоқ, бірақ Әли Лариджани мен «Басидж» жасағының қолбасшысы Ғоламреза Солейманидің қазасын ресми растады. Бүгін Тегеранда мыңдаған адамның қатысуымен марқұмдарды жерлеу рәсімі өтуде. 18 наурызға қараған түні Иранның Тель-Авивке жасаған зымыран соққысынан егде жастағы ерлі-зайыпты қаза тапты. Израиль дереккөздері Иранның кассеталық оқ-дәрілер қолданғанын хабарлап отыр.