Еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің татулығы мен ынтымағын берік етуге атсалысқан Қазақстан халқы ассамблеясы институтының қоғамдағы орны зор. Ал 2008 жылы арнайы заң қабылданып, ұйымның мәртебесі биіктеп, мемлекеттік ұлттық саясат пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің жаңа жүйесі қалыптасты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Демек, 1995 жылдың 1 наурызында кеңесші орган болып құрылып, қоғамдық институт деңгейіне көтерілген ассамблея өз миссиясын толықтай атқарды деуге болады. Енді «Қазақстанның халық кеңесі» деген жаңа мәртебе бұл мекеменің өзін де, қызметін де арттықа түспек.
Жыл сайын өткізілетін ассамблея жиыны көптің есінде шығар. Республика аумағында құрылған әр этнос өкілдерінің этно-мәдени ұйымдары бұл күнді асыға күтетін. Себебі, осы басқосу барысында ұлттық киімін киіп, мәдениеті мен өнерін паш етуге тырысатын. Әлбетте, қоғамдық институтттың әу бастағы мақсаты – қазақ халқының біріктіруші рөлін негізге алып, патриотизмді қалыптастырып, азаматтық және рухани құндылықтың бірегей үлгісін жасақтау арқылы елдегі этносаралық бірлікті дамыта отырып, қамтамасыз ету.
Мәселен, Алматы қалалық және облысының Түркімен этно-мәдени орталығының басшысы Гүлнәр Атақызы түркімен этносының мәдениетінің дамуына барлық жағдай жасалғанын айтады.
«1997 жылы құрылған орталықтың арқасында елде тұратын 2 мыңға жуық түркіменнің тілі де жойылып кеткен жоқ. Алайда, нақты дерек 10 мыңдай түркімен тұратынын көрсетеді. Олар әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін де ұмытпайды. Жексенбілік мектептерге жиналып тұратын жастар түркімен тілімен қоса, қазақ тілін меңгеруге ден қояды», – дейді этно-мәдени бірлестік жетекшісі.
Сондай-ақ, Гүлнәр Атақызы Ассамблеяның қоғамдағы маңызды рөліне де тоқтала келе, президенттің бастамасын қолдайтынын жеткізді.
«Қазақстан халқы ассамблеясының орнына құрылатын «Қазақстанның Халық кеңесі» қоғамдағы ұлтаралық келісім мен татулықты нығайта түседі деп сенемін. Бұл өзгеріс еліміздің дамуына оң ықпал етіп, Халық кеңесінің құрамына кіретін 126 азамат осы жолда аянбай еңбек қылса, қызметі мен міндетін айқындай түспек», – дейді.
Ал «Злата» болгар этномәдени орталығының төрайымы Ольга Андиревская бір шаңырақ пен бір тудың астында тату өмір кешіп жатқан Қазақстан халқының бір бөлшегі ретінде болгар этносының орнына тоқталады.
«Қазақстан тәуелсіздігі ортақ идеялардың жүзеге асуына мүмкіндік берді. Сол идея халықты біріктіріп, қоғам тұтастығын сақтауға қызмет қылды. Қазақстан халқы ассамблеясы елдегі келісім мен бірлікті нығайтуға маңызды басымдық берген институт болды. Ал ұлттық құрылтайда белгілі болғандай, Қазақстанның халық кеңесінің міндеті мен қызметі бұрынғыдан да айқындалып, айшықталады деп білемін», – дейді «Злата» болгар этномәдени орталығының төрайымы.
Сол сияқты Астана қаласы өзбек этномәдени орталығының төрағасы, ҚХА-ның республикалық медиация кеңесінің төрағасы Шерзод Пулатовтың айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясы елдегі татулық пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды институт болды.
«Оның басты мақсаты – көпэтносты қоғамды ортақ құндылықтар төңірегінде топтастыру. Ассамблеяның негізгі міндеті – елімізде өмір сүріп жатқан түрлі ұлт өкілдерін бір арнаға біріктіріп, қоғамдық келісімді нығайту. Кейбір ортада «Ассамблеяның қажеті жоқ» деген пікірлер айтылып жатады. Алайда мұндай пікірді көбіне бұл құрылымның қызметімен жете таныс емес адамдар айтады. Шын мәнінде, бірлік пен тұрақтылық – кез келген мемлекеттің дамуының басты кепілі. Сондықтан қоғамдағы ауызбіршілікті сақтау – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Ассамблея қызметінің нәтижесін этностар арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықтан айқын көруге болады. Мәселен, өзбек этномәдени бірлестіктері мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге белсенді атсалысып келеді. Олар түрлі мәдени-ағартушылық шаралар ұйымдастырып, жастар арасында қазақ тілін меңгеруді насихаттайды», – дейді.
Қазақстанның халық кеңесіне айналатын Ассамблеядан қоғам әділдік, ашықтық және нақты нәтиже күтеді. Егер ол шынайы қоғамдық пікірдің мінберіне айналса, елдегі бірлік пен тұрақтылықты нығайтудағы рөлі одан әрі арта түсері сөзсіз.