Израиль Каспий теңізіндегі Иранның әскери кемелеріне шабуыл жасады

Qaz365.kz редакциясы
REUTERS/Ebrahim Noroozi/IIPA

Израиль армиясы Каспий теңізінде орналасқан Иранның бес әскери кемесіне шабуыл жасады. Бұл туралы 18 наурыз күні кешке Израильдің жетекші БАҚ өкілдері, соның ішінде Yedioth Ahronoth газеті мен KAN мемлекеттік телерадиокомпаниясы мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Сарапшылардың айтуынша, бұл – Израильдің Каспий акваториясындағы Иран нысандарына жасаған алғашқы ресми шабуылы. Оқиға Таяу Шығыстағы жағдайдың күрт ушығуы аясында орын алып отыр. Бұған дейін АҚШ пен Израиль Иранның оңтүстігіндегі «Оңтүстік Парс» кен орнындағы газ қоймаларына бірлескен соққы беріп, тәулігіне 100 миллион текше метр газ өндіретін екі зауыттың жұмысын тоқтатқан болатын.

Әзірге Израиль мен Иран билігі Каспий теңізіндегі бұл оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциялары биылғы 28 ақпанда басталған еді. АҚШ Президенті Дональд Трамп бұл соғыстың басты мақсаты — Иранның әскери әлеуетін жою және Тегеранның ядролық қару жасауына жол бермеу екенін бірнеше рет мәлімдеген. Өз кезегінде Иран Израильге және АҚШ-пен серіктес аймақ елдеріне зымырандық соққылармен жауап беруде.

Анықтама ретінде айта кетсек, Каспий теңізіндегі әскери қимылдар аймақтағы өзге мемлекеттердің, соның ішінде Қазақстанның да қауіпсіздік мүдделеріне әсер етуі мүмкін. Соғыс қимылдарының Каспий айдынына ауысуы халықаралық тасымалдар мен мұнай-газ инфрақұрылымына қауіп төндіруі ықтимал. Қазіргі уақытта жағдай халықаралық қауымдастықтың жіті бақылауында.