Алатау қаласы әкімсіз басқарылады

Qaz365.kz редакциясы
alatausez.kz

Қазақстанда жаңадан бой көтеріп жатқан Алатау (Alatau City) қаласында еліміз үшін тың басқару жүйесі енгізілмек. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жаңа модель бойынша қаланы әкім емес, Alatau City Authority деп аталатын арнайы мемлекеттік орган басқарады. Қаланың даму стратегиясын Премьер-министр басқаратын кеңес айқындаса, күнделікті әкімшілік жұмыстарды Бас атқарушы директор (CEO) жүзеге асыратын болады.

Қанат Бозымбаевтың түсіндіруінше, билік тармақтары келесідей бөлінеді:

  • Стратегиялық кеңес: Негізгі даму бағыттарын бекітеді, маңызды әкімшілік актілерді қабылдайды.

  • Әкімдік пен Мәслихат: Қаланың тек әлеуметтік, коммуналдық және қоғамдық мәселелерімен ғана айналысады.

Бұл қадам Алатау қаласын халықаралық іскерлік хабқа айналдыру және шетелдік инвестицияларды тарту үшін тиімді корпоративті басқару жүйесін құру мақсатында жасалып отыр. Алатау – еліміздегі мұндай ерекше мәртебеге ие алғашқы қала болмақ.

Айта кетсек, Алатау қаласы Алматы мен Қонаев қалаларының арасында орналасқан. Жаңа қаланың жалпы аумағы 88 мың гектарға жуықтайды және ол жерде төрт негізгі аймақ (қаржылық, индустриялық, логистикалық және ойын-сауық) дамиды деп жоспарланған.