«Өсек пен өтірік айтқандарды кешірдім»: Қамшыбек Ташиев айт намазынан кейін мәлімдеме жасады

Qaz365.kz редакциясы
кактус медиа

Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы басшысы Қамшыбек Ташиев Ораза айт намазынан кейін көпшілік алдында мәлімдеме жасап, халықтан кешірім сұрады. Сонымен қатар ол өзіне қатысты «өсек пен өтірік» таратқандарды да кешіретінін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Алланың ризалығы үшін және бүгінгі айт намазының құрметіне ренжіткен немесе дұрыс қарамаған әрбір мұсылманнан кешірім сұраймын. Сондай-ақ мен туралы өсек, өтірік айтып, соны таратқандардың әрқайсысын кешірдім. Олар бұдан былай жаман сөз айтпасын, жаман ақпарат таратпасын», — деді Ташиев.

Ол өз сөзінде нақты кімдерді меңзегенін ашып айтқан жоқ.

Айта кетейік, Ташиевтің бұл мәлімдемесі оның ІІМ-дегі жауап алудан кейін босатылуымен тұспа-тұс келіп отыр.

Қамшыбек Ташиев биылғы 10 ақпанда Садыр Жапаровтың жарлығымен қызметінен босатылған еді. Оның отставкасынан кейін айналасындағы бірқатар шенеунік орындарынан кетіп, кейбірі қамауға алынды. Бұған дейін Ташиевтің ұлы Тай-Мұрас Ташиевтің де тергелгені туралы ақпарат шыққан, бірақ ІІМ бұл деректі ресми түрде жоққа шығарды.