Бұл адамды аяусыз азаптау десе де болады
ҚазТАГ ХАА бас директоры Әсет Матаев карантинге жабылды. Бұл туралы журналистің адвокаты Рена Керимова мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
"Бейсенбіде, мерекеден кейін мен Әсет Матаевтың тергеу изоляторында болдым. Оған қараудың өзі ауыр: маңдайындағы жараның орнында үлкен тігіс бар, көз жанары солғын, бетінің жартысы ісініп, қарайып кеткен. Дәл осындай жағдайда ол жаңадан түскен тұтқындармен бірге карантинде отыр. Карантин 15 күнге созылады", - деп жазды Керимова әлеуметтік желідегі парақшасында.
Желі пайдаланушылары жазба астына қалдырған пікірлерінде журналистке қатысты жазаның дұрыс еместігін айтуда.
"Пікірлерді жаның түршікпей оқу мүмкін емес. Журналистерге де, адвокаттарға да қиянат жасалып жатыр. Медициналық көмек алуға, ауруханаға жатқызуға мұқтаж адамды абақтыда ұстап отыр. Ол жерде науқастың сауығуы үшін ешқандай жағдай жасалмаған. Бұл адамды аяусыз азаптау десе де болады, өйткені адам жаны қиналып, зардап шегуде", - деп жазды адвокат Сәуле Қобжанова.