Алматы қаласының экс-әкімі және Президент Әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Ерболат Досаев «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорындағы қызметін тоқтатты. Бұл туралы мәлімет қаржылық есептілік депозитарийінің сайтында жарияланған ресми құжатта көрсетілген, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қордың басқару органының құрамынан шығару туралы шешім биылғы жылдың 25 наурызында қабылданған. Ерболат Досаев осыған дейін «Самұрық-Қазына» қорының Директорлар кеңесінің мүшесі ретінде қызмет атқарып келген болатын. Құжатта оның өкілеттігінің тоқтатылуына қатысты нақты себептер көрсетілмеген.
Айта кетейік, Ерболат Досаев 2022 жылдың қаңтарынан 2024 жылға дейін Алматы қаласының әкімі қызметін атқарды. Оған дейін Ұлттық банк төрағасы, Премьер-министрдің орынбасары және бірнеше министрліктердің басшысы лауазымдарында болған.