Британиялық The Times басылымы АҚШ пен Израиль барлау қызметтерінің деректеріне сүйене отырып, Иранның Жоғарғы көшбасшысы Мұжтаба Хаменеидің жағдайы өте ауыр екенін және оның ес-түзсіз жатқанын жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мәліметтерге қарағанда, ол қазіргі уақытта Иранның басты діни орталықтарының бірі – Құм қаласында ем қабылдап жатыр және мемлекеттік шешімдерді қабылдауға қауқарсыз.
Бұл Мұжтаба Хаменеидің нақты қай жерде екені туралы ақпараттың жария деңгейде алғаш рет шығуы. Бұған дейін, 11 наурызда Reuters агенттігі оның соғыстың алғашқы күндеріндегі әуе соққылары кезінде жараланғанын жазған болатын. Сол шабуылда оның әкесі Әли Хаменеи, анасы, әйелі мен ұлы қаза тапқан еді. Содан бері Жоғарғы көшбасшы жұрт алдына шыққан жоқ: тіпті оның алғашқы мәлімдемесін мемлекеттік телеарна жүргізушісі оқып берген.
Иран тарапы соңғы күндері көшбасшының «тірі және денсаулығы жақсы» екенін алға тартып, ресми мәлімдемелер жасап келеді. Ресейдің Ирандағы елшісі де 31 наурызда Хаменеидің ел аумағында екенін, бірақ белгілі себептермен көпшілікке көрінбейтінін растаған болатын. Алайда оның халық алдына шықпауы мен Әли Хаменеиді жерлеу рәсімінің белгісіз мерзімге шегерілуі күдікті еселей түсуде.
Айта кетейік, 8 сәуір күні бұрынғы көшбасшы Әли Хаменеидің қайтыс болғанына 40 күн толады. Бұл – шииттік ислам дәстүрінде аза тұту кезеңінің аяқталуын білдіретін маңызды күн.