АҚШ санкциялық тауарлардың Қазақстан арқылы Ресейге жеткізіліп жатқанына алаңдаушылық білдіреді

Qaz365.kz редакциясы

АҚШ сауда министрлігінің өкілі осылай мәлімдеді

mk.ru

Санкция салынған тауар Қазақстан арқылы Ресейге жеткізіліп жатқаны АҚШ санкциялары мен экспорттық бақылау шараларын тікелей бұзу болып есептеледі. АҚШ сауда министрлігінің өкілі Мэттью Аксельрод Астанада журналистермен кездескен кезде осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Азаттыққа сілтеме жасап.

Оның сөзінше, Украинада соғыс басталғаннан кейін бірқатар тауарды Қазақстанға, одан әрі Ресейге экспорттау күрт өскен.

– Біз қазір iPhone немесе кір жуатын машиналар туралы айтып жатқан жоқпыз. Әңгіме Украина аумағында бейбіт тұрғындар мен әскерді бомбалау үшін қолданылып жатқан зымырандар мен дрондарды жасауда пайдаланылатын электрон компоненттер туралы болып отыр, – деді Аксельрод.

Қазір АҚШ билігі бірінші кезекте зымырандар мен дрондар үшін қажет электрон схемалар, компьютерлік чиптер секілді тауарларға мән беріп жатыр.

– Бұл бойынша қазақ үкіметінің және өнеркәсіп өкілдерімен сөйлесіп жатырмыз. Осыған дейінгі кездесулердің қорытындысы бойынша, қазақ жағы бізді түсініп, толық қолдауға дайын деп айта аламын. АҚШ, Ұлыбритания, Еуропа одағы және басқа да елдердің өкілдері бұл компоненттердің Ресейге жеткізілуін тоқтатуға тырысып жатқан әрекетінің нәтижесін көреді деп сенемін, – деді ол.

Аксельрод осы аптада АҚШ қаржы министрлігінің көмекшісі Элизабет Розенбергпен бірге Орталық Азияның басқа елдеріне, оның ішінде Қырғызстанға барғалы отырғанын айтты.

Ұлыбританияның санкция жөніндегі басқармасының жетекшісі Дэвид Рид Астананың Қазақстан "Ресейге санкциядан жалтаруға көмектеспейді" деген мәлімдемесін жылы қабылдады.

24 сәуірде Астанаға барған Еуропа одағының санкциялар бойынша арнайы өкілі тікелей және жанама түрде соғысқа қажет тауар Қазақстан арқылы Ресейге жөнелтіліп жатқанын айтқан.

Қазақстан Украинаға басып кірген Мәскеуді ресми түрде айыптамаған, Батыс санкциясына да қосылмаған. Бірақ санкцияны айналып өтетін жол болмайтынын құлағдар еткен.

2023 жылғы наурызда Bloomberg агенттігі Қазақстан 2022 жылы Ресейге құны 3,7 миллион доллар тұратын микрочиптер мен жартылай өткізгіштер сатқанын анықтаған. Бұрын мұндай тауар айналымы 12 мың доллардан аспаған. Қазан айында Bloomberg Еуропа одағынан Қазақстанға экспортталатын сүтсауғыш 633 пайыз көбейгенін айтқан.

2022 жылы тамызда Қазақстан Еуропадан 21,4 миллион долларға мұздатқыш сатып алған. Бұл бұрынғы кезеңдегіден үш есе көп. Қазақстан үкіметінің мәліметтері де мұздатқыш, кіржуғыш, сүтсауғыштар Ресейге көптеп кетіп жатқанын көрсеткен.