Алдағы 10 жылда қазақ тілі дамып, орыс тілі тек коммуникация құралы болады – сарапшы

Qaz365.kz редакциясы

Ресейдің соғысына байланысты қазақ тіліне бетбұрыс қатты күшейген

ашық дереккөзден

Бүгін Алматыда саясаттанушы-ғалым, халықаралық қатынастар саласында PhD докторлық қорғаған Ғалым Жүсіпбек «Заманауи адам құқығы түсінігі және Қазақстан» деген  тақырыпта қоғамдық лекция өткізді. Ол сұрақ-жауап кезеңінде қазақ тілінің болашағына да тоқталып өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.

Оның пікірінше, Ресейдің соғысына байланысты қазақ тіліне бетбұрыс қатты күшейген, бұдан кейін мемлекеттік тілге деген сұраныс артпаса, төмендемейді.

«Қазақ тілі келешекте тек ғана дамиды. Өйткені қазақ тілді азаматтар арасында интелектуалды, мәдени тұрғыдан өсу болады. Қазақ тілін зорлап үйретудің қажеті жоқ. Тіпті, зорлап үйрете де алмайсың. Америкада мемлекеттік тіл деген ұғым жоқ. Бәрі таңқалады. Қазақ тілінде сөйлейтін қоғам дамыса, қазақ тіліндегі контенттер көбейсе, қазақ тілі мәдениеттің тасымалдаушысы болса, сол кезде сөйлейтін азаматтар көбейеді.  

Енді бір 10 жылда қазақ тілінде сөйлейтін азаматтардың саны артады. Орыс тілі – коммуникация тілі ретінде қалатын шығар. Қалғаны да дұрыс болар. Көп тіл білгеннің зияны жоқ. Төрт-бес тіл білген дұрыс. Адамзат тарихында бірде-бір өркениет бір тілмен шектелмеген. Арабтар – парсы тілдерін, қазақтар ертеректе жоңғар, моңғол тілін меңгерген. Қазақтың батырлары жоңғорлармен қалай сөйлескен деп таңқаласың. Өйткені олардың тілін білген. Кейбірі жоңғардан әйел алған. Отбасында да сөйлескен болып тұр, - дейді саясаттанушы-ғалым.