Зеленскийге Түркияға шабуыл жаса деген Amanat партиясының депутаты кешірім сұрады

Qaz365.kz редакциясы

Қазіргі кезде Deutsche Welle парақшасындағы жазбаның астына қалдырған пікірін өшіріп тастаған

Коллаж Qaz365.kz

Алматы мәслихатына AMANAT партиясынан сайланған депутат Анна Башинская  Украина Президенті Владимир Зеленскийге Қырымның орнына Түркияға шабуыл жасау деген пікір жазған болатын. Осыдан кейін желіде қарсылық көбейген соң, депутат кешірім сұрап үлгерді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Түркия туралы жазғанда басқа ойым болған жоқ. Мен түрік бауырларымыздан кешірім сұраймын. Украина мен Ресейге бейбітшілк тілеймін. Бұл жағдайға пікір білдіруге менің құқығым жоқ, менің өз елім бар, мен депутат ретінде ең алдымен елдің қамын ойлауым керек», - деп жазды ол Facebook парақшасына.


Анна Башинская қазіргі кезде Deutsche Welle парақшасындағы жазбаның астына қалдырған пікірін өшіріп тастаған.

Желі қолданушылары депутаттың мандатын айырып, партиядан шығаруды талап етіп жатыр.

«Осындай бесінші колонаны қалай Парламентке өткізеді?», «Ерлан Қошанов мырза, бұл отпен ойнау, тез арада мандатынан айыру керек», «Депутаттық мандатын жою керек», «Кешіріммен құтылып кетпесін», «Пиғылдарын білдіріп алып, артынан кешірім сұрауды дағдыға айналдырған», «Депутаттық мандатын тапсырсын!» деген сарындағы пікірлер көп жазылған.


Бұған дейін Анна Башинскаяның Украина Президенті Владимир Зеленскийге Қырымның орнына Түркияға шабуыл жасауға кеңес бергенін жазғанбыз.