Анна Башинскаяның орнына Алматы мәслихатына жаңа депутат сайланады

Qaz365.kz редакциясы

Оның орны жаңа сайлау күні белгіленгенге дейін бос болуы мүмкін

Сурет: Facebook/Анна Башинская

2 мамырда Алматы қаласы мәслихатының депутаты Анна Башинская Amanat партиясындағы мандатын тапсырды. Оның орны жаңа сайлау күні белгіленгенге дейін бос болуы мүмкін, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап. 

"Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңының 101-бабы, 3-1-бөлігіне сай шығып қалғандардың орнына мәслихат депутаттарын сайлауды тиісті сайлау комиссиясы тағайындайды.

"Шығып кеткендердің орнына мәслихаттар депутаттарын сайлау наурыздың соңғы жексенбісінде және (немесе) қазанның соңғы жексенбісінде бір мезгілде өткізіледі. Орталық сайлау комиссиясымен келісім бойынша шығып кеткендердің орнына мәслихаттар депутаттарын сайлауды тиісті сайлау комиссиясы басқа күнге белгілей алады... Сайлау күні туралы хабарландыру бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады", - делінген құжатта.

Осылайша Алматы қаласының сайлау комиссиясы отставкадағы Анна Башинскаяның орнына мәслихат депутаты сайлауын 2023 жылғы 29 қазанға тағайындай алады. Сонымен бірге Алматы сайлау комиссиясы ОСК-мен келісе отырып сайлауды басқа күнге белгілей алады.

Анна Башинская №4 бір мандатты округ бойынша сайланғандықтан, алдағы сайлауда №4 сайлау округіне жататын алматылықтар дауыс береді.

Сайлау күнін тағайындау көп факторға, соның ішінде қаржыландыруға байланысты. "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңының 33-бабы,1-бөлігіне сай, мәслихаттар депутаттарын сайлау "республикалық бюджеттен қаржыландырылатын жергілікті атқарушы органдардың осы мақсаттар үшін ашылған шоттары арқылы жүзеге асады".

"Осы шоттарға республикалық бюджеттен түсетін қаражатқа билік етуді аумақтық сайлау комиссиялары жүзеге асырады. Қаржыландыру тәртібі Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген", - делінген құжатта.

 2 мамыр күні Amanat партиясының Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров "Анна Башинскаяның мәлімдемесі партия ұстанымына сәйкес келмейді" деп айтты. Ол Amanat-тың "басқа елдердің саясатына араласпайтынын" атап өтті. Сол күні Анна Башинская Алматы қаласы мәслихатының депутаты қызметінен кетті.

3 мамыр күні Amanat партиясының орынбасары, атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев Анна Башинскаяның Алматы қаласы мәслихатының депутаттығынан бас тартып қана қоймай, партия қатарынан кеткенін айтты.