Иманғали Тасмағамбетов ҰҚШҰ Бас хатшысы болып тағайындалды

Qaz365.kz редакциясы

Ұйымның төрағалық қызметі Армениядан Беларусь Республикасына өтті

Akorda.kz

 Иманғали Тасмағамбетов ҰҚШҰ Бас хатшысы болып тағайындалды. Ұйымға мүше елдердің басшылары Ереванда осындай шешімге келді, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі Хабар 24-ке сілтеме жасап.  

Биыл Армения мемлекетінің көрші елмен шекарасында шиеленіс болды. Осы кикілжіңді қарумен емес, ақылмен шешіп, аймақтағы қауіпсіздік мәселелерін талқылау мақсатында Ұжымдық Қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің басшылары Ереванға жиналды. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент ретінде қайта сайланғаннан кейін шетелге жасаған алғашқы жұмыс сапары. Шағын құрамда жабық форматта өткен жиын басында әріптестері мемлекет басшысын жеңісімен құттықтады. 

Жиынның басында Ұйымның Бас хатшысы анықталды. Алдағы жылдан бастап бұл қызметті Иманғали Тасмағамбетов атқарады. Енді Тасмағамбетов 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш жыл мерзімге бас хатшы болады. 

 “Осы жағдайды пайдалана отырып, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан республикасының президенті ретінде қайта сайлануымен құттықтаймын. Сондай-ақ үш жыл бойы ұйымның бас хатшысы қызметін атқарған Станиславь Зась биыл өз қызметін аяқтайды. Үлкен алғыс айтамын. Келер жылдан бастап үш жыл бойы бұл міндетті қазақстандық Иманғали Тасмағамбетов атқарады”, – деді Армения премьер-министрі Никол Пашинян.

 Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудағы жеңісімен құттықтаған әріптестеріне алғысын білдіріп, Қазақстанның сыртқы саясаттағы ұстанымын нақтылады. Қазақ президенті қақтығысқа толы кезеңнен қантөгіссіз шығудың оңтайлы жолын айтты.

“Еліміздің ынтымақтастықты жан-жақты нығайту жөніндегі стратегиялық бағыты өзгермейді. Ұйымға мүше елдер басшыларының бұл қорытынды кездесуі күрделі геосаяси жағдайда өтіп жатқаны мәлім.Халықаралық істерде күшейе түскен тұрақсыздық ҰҚШҰ кеңістігін де айналып өткен жоқ. Біздің аймақта бүкіл Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылыққа, қауіпсіздікке нұқсан келтіретін жанжалдар әлі де жалғасып жатыр. Мұндай жағдайда ашық, шынайы, конструктивті диалогты сақтау және дамыту өте маңызды. Бұл – күрделі дағдарыстар мен қайшылықтардан шығудың тиімді әрі оңтайлы жолы”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. .

Шекаралық жағдайды реттеу жолдарын қарастыру – ҰҚШҰ-ның оңтүстік шекараларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі. Қазақстан бейбітсүйгіш. Мұны бәрі біледі. Ұйымның Бас хатшысы қызметіне Иманғали Тасмағамбетовтың тағайындалуы осының айқын дәлелі дейді сарапшылар. Әрі ұйымға мүше мемлекеттердің ішінде Қазақстанның ғана Аумақтық мәселеде ешкіммен араздығы жоқ. Сондықтан қарулы қақтығысқа түсіп, қырық пышақ болып жатқан одақтастарын татулыққа шақыруға толық құқылы.

“ Еуразия құрлығының саясат сахнасында Қазақстанның орны мен ықпалы зор. Қазір бұл ел Оңтүстік Кавказғақатысты үлкен келіссөзде мыңызды роль атқара алады. Өйткені аймаққа Қазақстанның ықпал ететін тәсілдері де беделі де бар. Мәселен Әзербайжан мен Армения арасындағы кикілжіңді дипломатиялық жолмен шешуде арағайындық жасай алады”, – деді саяси сарапшы Арам Сафарян. 

 Кеңес қорытындысы бойынша мемлекет басшылары бірнеше маңызды құжатқа қол қойды. Олардың ішінде ұйымның бітімгерлік миссиясын заманауи жарақтандыру. Радиациялық, химиялық және биологилық қорғаныс құралдарымен қамтып, медициналық көмекті күшейту қарастырылған. Сондай-ақ «Наемник» деп аталатын жедел алдын алу іс-шарасына терроризмге қарсы аймақтық операция статусын беруге уағдаласты. Ал төрағалық Армениядан Беларусь Республикасына өтті.