Бүгінгі Үкімет отырысында ҚР көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы айтылды
Бүгінгі Үкімет отырысында ҚР көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы айтылды, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі.
Тұжырымдама көші-қон процестерін барынша тиімді реттеу үшін әзірленген. Құжатта демографиялық, экономикалық және әлеуметтік-мәдени басымдықтардың барлығы ескеріліп отыр.
“Қазақстан экономикасына жоғары білікті мамандарды, инвестиция, озық технологияларды тарту үшін Тұжырымдама жобасында визалардың жаңа түрлерін енгізу көзделіп отыр.
Ондай визалар жетекші ғалымдарға, оқытушыларға, шығармашылық және біздің нарықта аса қажет мамандық иелеріне беріледі.Әлеуетті инвесторларға қойылатын талаптар да қайта қаралды. Ірі инвесторларға 10 жыл мерзімге тұруға рұқсаты бар инвесторлық визалар беріледі.
Сондай-ақ азаматтарды еңбек күші жетпейтін өңірлерге көшіп баруын ынталандыру да тұжырымдаманың негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Бұл ретте көшіп барғандарды баспанамен, әлеуметтік инфрақұрылыммен және жұмыспен қамтамасыз ету алдын-ала пысықталатын болады”, – делінген Тұжырымдамада.
Тұжырымдамада “бір терезе” қағидаты бойынша Мигранттардың қозғалысын есепке алудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру көзделген. Ол мигранттарды цифрлық сәйкестендіруге, қажет болған жағдайда олардың жүріп-тұруын бақылауға мүмкіндік береді.
“Тағы бір маңызды мәселе – ол шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқықтарын қорғау. Біздің отандастарымызға заңгерлік және консультациялық көмек көрсетіледі. Ол үшін қазақстандық азаматтар көп жұмыс істейтін елдермен екіжақты келісімдер жасалатын болады. Қай елде еңбек етсе де, біз өз азаматтарымызды қорғай алуымыз керек”, – деді Әлихан Смайылов.