Қазақстан мен Қытай ұшақ апаты кезінде жолаушыларды іздеу саласында ынтымақтастықты нығайтады

Qaz365.kz редакциясы

Енді екі ел аумағында апатқа ұшыраған әуе кемелері халықаралық стандартқа сәйкес келісіммен анықталатын болады

ҚР Парламенті баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаттары Қазақстан мен Қытай үкіметтерінің арасында азаматтық авиация кемелерін іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы заң жобасы мақұлдады, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құжаттың ресми атауы – Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы азаматтық әуе кемелерін авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы.

Құжатты ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Алмаз Ыдырысов таныстырды.

Оның сөзіне қарағанда, келісімнің басты мақсаты – екі ел аумағында апатқа ұшыраған әуе кемелерінің жолаушылары мен экипаждарын Халықаралық азаматтық авиация ұйымының ІСАО стандарты бойынша іздестіру.

“Міндеттеріне тоқталсам, апатқа ұшыраған әуе кемелерінің жолаушылары мен экипажын іздестіріп, құтқару үшін мемлекеттердің арасныдағы ынтымақтастықты нығайту, авиациялық оқиғалар туралы өзара ақпарат алмасып, хабарлау, апат болған жағдайда іздестіру шараларын қабылдау, екі тараптың іздестіру-құтқару қызметтерінің бірлескен оқу-жаттығуларын, өткізіп, ақпарат пен тәжірибе алмасу көзделеді. Келісім бірлескен іздестіру, құтқару операцияларын жүргізудің нормативтік негізін, іздестіру аудандарының шекарасын, келісімді іске асыруға жауапты құзыретті органдарды айқындайды және тараптардың оқиға болған жағдайда өзара хабар алмасуын, іздестіру операциясына көмектесуін қарастырады”, –  деді Алмаз Ыдырысов.

Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірауыздан мақұлдады.