Ол 10 жылға сотталған
Сотталған кәсіпкер Мұратхан Тоқмәдидің әйелі Жәмила Айымбетова-Тоқмәди, сонымен қатар, бизнесменнің балалары мен әпкелері Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгінді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.
«Біз сізге туған елімізде әділдік табуға деген соңғы үмітіміз ретінде қайта жүгінеміз! Бүгін отбасымыздың басшысы Мұратхан Тоқмәдидің заңсыз қамауға алынып, жасамаған қылмысы үшін 10 жылға сотталғанына тура 6 жыл толды! Бірінші күннен – 2017 жылдың 12 маусымынан бастап, елімізбен қатар шетелде де Мұратханның қамауға алынуының басты себебі — Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың оппозиционер Мұхтар Әблязовпен күресі екені бәріне түсінікті болды», – делінген Тоқмәдидің туған-туыстарының Мемлекет басшысына жолдаған үндеуінде.
Кәсіпкердің туыстарының айтуынша, бұл бірнеше ондаған жылға созылған.
«Мыңдаған адам бұл текетірестің құрбанына айналды, соның ішінде біздің отбасымыз да бар. Қазақстанның қауіпсіздік күштері Әблязовты елге қайтару үшін көптеген әдісті қолданды, бірақ одан нәтиже болмағасын «қылмыстық хикая» ойлап табу туралы шешім қабылданды. Міне, осы іске биліктегі базбіреулерге жақпаған Мұратханды араластыру керек еді. Егер сонша қыруар қаржыға «Тапсырыспен кісі өлтіру» болса, дені сау адам оны күзетшілерінің көзінше өлтірмейтіні, тіпті өзінің басты күдіктіге айналмайтыны белгілі ғой. Содан кейін ҰҚК түрмесінде 13 жыл отырған соң «қылмысын мойындады» делінеді. Бұл тіпті, Еуропаның қауіпсіздік кеңесінің қарарында да көрсетілген – Мұратхан Тоқмәдиді тұтқындаудың саяси астары бары анық!» – делінген хатта.
Бизнесменнің туыстары айтқандай: «Азаптау арқылы өзін мойындату мен бұрмаланған құжаттар мен жалған куәліктерден басқа оның кінәсін дәлелдейтін бірде-бір факт жоқ!».
«Соған қарамастан, тіпті процестік келісімнің шарттарын орындамай және шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартып, бір кісілік камерада қамауда ұстап отыр! Әрі соңғы кезге дейін кездесу, хат жазысу және телефон арқылы сөйлесу құқығынан айырды. Заңға мен біздің отбасымызға қарсы осы қылмыстың негізгі орындаушылары қамауға алынып, сотталғанымен, Мұратханның өзі азаптау бойынша қылмыстық істе екінші рет жәбірленуші деп танылды, ҰҚК-нің бұрынғы қызметкерлерінің арасында оны азаптаудағы куәгер де бар, оны босатып, шындықтың ашылуынада сіздің саяси ерік-жігеріңіз керек екенін жақсы білеміз, президент мырза! Себебі осы қорқынышты, лас іске араласқандар бостандықта әлі тайраңдап жүр, олар ақиқаттың ашылғанын қаламайды. Бұған қоса, бәрі білетіндей, Мұратханды оқшаулаудың жалғасуы қауіпсіздік күштерінің Мұхтар Әблязовты экстрадициялаудың қазіргі кезекті әрекетімен байланысты. Осы орайда, Мұратханның өзі отбасын құтқару үшін процестік келісімнің барлық шартын орындады!» – деп кәсіпкердің туыстары Мемлекет басшысына жүгінді.
Олар Президенттен «осы сенсациялық іске тікелей өзі араласып, Мұратханды босату арқылы әділдіктік орнатуды» сұрады.
«Шынында да, қазіргі биліктің біздің көптеген үндеуімізге елең етпеуі – өзінің және сізді жергілікті әрі әлемдік қоғамдастықтың алдында беделін түсіреді! Өйткені, ел заңдары мен халықаралық конвенциялардың бұзылуына жол берумен бірге елдің жетекші өндірістік кәсіпорындары құрдымға кетті, ал белгілі кәсіпкер, спортшы және Отанының патриоты пайда әкелудің орнына алты жылдан бері заңсыз қамауда отыр. Бірақ егер біз жаңа Қазақстаннан әділдік таба алмасақ, халықаралық ұйымдар мен соттардың көмегі мен қолдауына жүгінуге тура келеді!
Бірімізге күйеу, бірімізге әке, ағамызды босатыңызшы! Әділдік орнайды деген құрметпен әрі үмітпен Мұратхан Тоқмәдидің отбасы: жолдасы – Жәмила; балалары – Мәдина, Шыңғыс, Зере, Әмір, Адина; әпкелері — Елеуғайша, Құлтай, Үміт», - делінген үндеуде.
Айта кетейік, 2004 жылдың 19 желтоқсанында белгілі қазақстандық банкир Ержан Тәтішев кісі қолынан қаза тапқан еді. Бұл іс бойынша кәсіпкер Мұратхан Тоқмәди 10,5 жылға сотталды. Ол қылмысты орындаушы, ал Францияда бас сауғалап жүрген бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов тапсырыс беруші болып танылды. 2022 жылғы наурыз айында қамаудағы Тоқмәди Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазып, өзінің кінәсіз екенін мәлімдеді, ал қылмысты мойындауға Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің адамдары мәжбүрлегенін жеткізген.