Ресейдің әскери генералы үндеу жасады: Әлі кеш болмай тұрғанда тоқтаңыздар!

Qaz365.kz редакциясы

Сабырға шақырды

Видеодан кадр

 

24 маусымда Біріккен әскери күштер тобы қолбасшысының орынбасары - армия генералы Сергей Суровикин "Вагнер" ЖӘК басшылығына, командирлеріне және жауынгерлеріне үндеу жолдады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Видео үндеу Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігінің ресми Telegram арнасында жарияланды.

"Мен жаңа ғана Ресей Федерациясы Қорғаныс министрінің бұйрығымен біздің әскеріміз, командирлеріміз, сарбаздарымыз, жауынгерлеріміз, еріктілеріміз тапсырманы орындап, жаумен алысып, бетпе-бет күресіп жатқан, өз позициясын сақтап тұрған алдыңғы шептен оралдым", – деді Сергей Суровикин.

Ол "Вагнер" ЖӘК басшылығына, командирлеріне және жауынгерлеріне қаратып сөз арнады.

"Біз өздеріңізбен бірге қиын жолдан өттік, өздеріңізбен бірге соғысып, тәуекелге бас тіктік, шығынға ұшырадық, бірге жеңдік. Біз бір қаннан жаратылғанбыз, біз - жауынгерлерміз. Өздеріңізге тоқтаңыздар деймін. Жау тек ішкі саяси жағдайдың шиеленісуін күтіп отыр. Ел үшін қиын-қыстау уақытта жауға күлкі болмайық", – деді Сергей Суровикин.

Армия генералы барлық мәселелерді тек бейбіт жолмен шешу керек екенін атап өтті.

"Әлі кеш болмай тұрғанда сабырға келейік, Ресей Федерациясының жалпыхалықтық сайланған Президентінің еркі мен бұйрығына бағынайық, әскери коллонаны тоқтатып, оларды тұрақты орналасу орындары мен шоғырлану аймақтарына қайтарайық, барлық мәселені тек Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының басшылығымен бейбіт жолмен шешейік", – деп сөзін қорытындылады Сергей Суровикин.