Олар мұны түсіну үшін Ресейде өмір сүріп көру керек деп санайды
Жыл сайынғы Global Media Forum конференциясында ресейлік журналист, 2021 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Дмитрий Муратов отандастарының неге соғысқа қарсы шығып, наразылық білдірмейтіні туралы сұраққа жауап берген болатын. Оның сөзін Qaz365.kz өз оқырманына ұсынған еді. Алайда біз мұнымен шектелмеуді жөн санап, Қазақстанға келген орыстармен тілдесіп, ондағы халықтың неге үнсіз жатқанын сұрадық.
Қауіпсіздік үшін сұхбат берушілердің аты-жөні жасырдық. Тіпті суретке де түсірмедік. Бірі – еліміздегі IT компанияда жұмыс істеп жатқан 33 жастағы азамат, екіншісі – мобилизацияның кесірінен 4 мемлекеттен пана таппай, Еуропаға бет алуды көздеген 80 жылғы ер адам, үшіншісі – ЖОО бітіріп үлгермеген ресейлік.
Біздің сауалымызға ең алдымен отандық IT компанияда жұмыс істеп жатқан И. есімді ресейлік жауап берді:
«Таныс украин азаматтары «Неліктен орыстар наразылық білдірмейді?» деп жиі сұрайды. Мұны түсіну үшін Ресейде өмір сүру керек. Қазір наразылықтың барлық заңды түрі азайды, жыл сайын мүлде кеміп барады. Әрі ресейлік үгіт-насихат сұр аймақта орналасқан. Яғни, кейбір экономикалық мәселені қамтыған, бір уақытта саяси түйткілді қабылдаған және адамдар сенетін медиа бар. Ал саясатта көптеген БАҚ редакторлық құрамды, редакциялық саясатты өзгерте бастады. Көптеген оппозициялық БАҚ жабылып, шетелдік агенттер деп танылды. Соның салдарынан кетуге тура келді», - дейді ол.
Ресейде 300-ге жуық мемлекеттік емес медиа жабылып, түрмедегі саяси тұтқындардың саны 600-ге жеткен.
«Ресейлік ақпараттық кеңістікте бұл БАҚ-тың беделі онша емес. Оларды негізінен оппозициялық пиғылдағы адамдар оқиды. Халықтың бір бөлігі 55 жастан асқан ата-аналар делік. Олар көбіне саясаттан тыс. Билік бұған өте ұзақ уақыт дайындалды. Яғни, Путин билікке алғаш келген кезде 90-шы жылдардағы тоқырау реттелді. Бұл оның еңбегі емес, бірақ адамдар бәрібір оған телиді. Көбі «Егер Путин кетсе, онда кім президент болады?» дейді. Мәселе мынада: ол басқа оппозициялық саясаткерлерді ақпараттық кеңістіктен мүлде ысырып тастады. Соңғы президенттік сайлауда лайықты қарсылас болмады», - деді ол.
Бұған басқалар да пікір қосып, президентке Немцов пен Ирина Шульман ғана лайықты екенін айтты:
«Негізі үміткерлер өте көп, бірақ ақпараттық, қоғамдық және саяси кеңістікте оларды тұқыртып тастаған, біз ешкімді көрмейміз. Әйтпесе, көп саясаткер шығар еді. Президентке ерекше қабілетті адам қажет емес, қарапайым болса болғаны. Ең бастысы, ол сайлаушыларды сендіріп, сеніміне ие болса болды. Бұл бәсекелестік сайлау болуы үшін керек», - деп сөзін жалғастырды ресейлік.
Қазақстанды Ресеймен салыстырады
«Қазақстанда бәрібір де белгілі бір өзгерістер бар. Шамасы, Ресейде болып жатқан оқиғадан Қазақстан қорытынды жасап отыр. Әрине, Ресейде бұл жоқ, олардың бәрі Кеңес одағындағыдай бір қалыппен жүреді. Мен үшін бұл - КСРО-ға қайта оралу. Барлығы сол бәз-баяғы тәжірибе, бұрынғы әдіс. Сондықтан мұндай жағдайда наразылық білдіру қисынсыз. Оппозицонер болмаса да, бірден түрмеге қамалады», -дейді олар.
Дмитрий Муратов «Горбачевтің тұсында туған буын өзін құрбан етуге дайын емес» деп санайды. Олар соғыста өлуге де, жазықсыз адамдарды өлтіруге де қарсы. Біздің кейіпкеріміз осыған түсініктеме берді:
«Мен 90-шы жылдардың өкілімін. Көрдіңіз бе, Ресейде наразылық сәл өзгеше, ол жерде халық көшеге аз шығады. Көбіне не басқа елге кетеді, не жасырын түрде наразылық білдіреді. Бәлкім, бұл 2012 жылғы наразылықты басып-жаншу кезінде тұншығып қалған шығар. Наразылық болу үшін оны біреу ұйымдастыруы керек. Мұны істей алатындардың барлығы елден қуылды, түрмеге жабылды, ақшаға сатылды немесе өлтірілді. Қазір Ресейде көшеге шығатын адам жоқ. Алексей Навальный бар еді, ол қамауда. Менің оған көзқарасым дұрыс, өйткені ол оппозициялық саясаткер. Оған дауыс беруім керек пе, жоқ па, білмеймін, бірақ оппозициялық саясаткер ретінде ол барлық мәселе бойынша сөйлеуге құқылы болды. Қазір оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұл – таза саяси шешім», - дейді Ресейден келген азамат.
Ол осы елдің болашағына қарап, Қазақстанды Ресейден жоғары бағалайды. Оның айтуынша, «тым болмағанда президент өзгерді, риторика да болашаққа бағытталған».
«Бірақ менің ойымша, Тоқаев әлі де қорытынды жасап, билікті өз еркімен береді. Дәл осы жерде автократия проблемасы бар», - деп сөзін түйіндеді ол.
Бізбен сұхбаттасқан азаматтың біреуі «Қазақстан» деген жазуы бар және қыран мен бүркіт бейнеленген футболка киіп алса да, бір қарағанда оның ресейлік екенін байқауға болады. Сұхбат кейіпкерлері де жергілікті орыстардың ерекшеленетінін мойындады. Ресейліктер Қазақстанға көшу тәжірибесі туралы айтып берді.
«Мұндағы орыстар ақыл-ой жағынан ерекшеленеді, олар бір-біріне көбірек көмектеседі. Орыстарға қарағанда ашық. Бұл – менің ойым. Қазақстандықтардың қонақжайлылығына таңғалдым. Ең алғаш Қазақстанға қоныс аударғанда қонақ үйлерде бос орын мүлде болмады. Сол кезде маған жергілікті тұрғындар көмектесті: олар маған жатын орын тауып беріп, пойызда тамақ ұсынып, не істеу керектігін, өзін қалай ұстауды үйретті. Ресейде мұндай қарым-қатынасты ешқашан көрген емеспін. Ресейде орыстар арасында мұндай нәрсе жоқ. Мұнда кейбір кеңестік тәжірибелер қалса да, бәрі басқаша», - дейді кейіпкеріміз.
Қазақ тілінен қиналмадық
Біз олардан алдағы жоспары туралы сұрап көрдік. Біреуі осында қалатынын, екіншісі уақытша ғана аялдайтынын айтты. Сондай-ақ олардың қазақ тіліне қатысты пікірлерін білдік.
«Көбі нашар сөйлейді, бірақ орыс тілінде жауап береді. Әдейі қазақша сөйлейтін адам сирек кездеседі», - дейді тағы бірі.
«Ресейде ұлтшылдардың арасында « Қазақстанда орыстарды қудалайды» дейтіндер бар. Мен орыстардың құқығын шектеп, қудалап жатқандарды байқамадым және мені мұнда ешкім қуған жоқ. Ешкім маған жаман сөз айтқан жоқ», - деді үшіншісі.
«Мен де тіл туралы ешқандай мәселені байқамадым – қазақстандықтар орыс және қазақ тілдерін жақсы біледі. Орыс тілін нашар білетіндер де түсіндіруге тырысады», - деді тағы біреуі.
Мобилизацияның жаңа толқыны
Олар мобилизацияның жаңа толқынынан сескенеді. Десе де Ресейдің экономикасы мен әскери әлеуеті күн сайын төмендеп жатқанын, соғысқа баратындарды киіндіру мен қаруландыруға Ресейдің мүмкіндігі жоқ екенін айтады.
«Жастар көп. Қаншасы шақырылды? Жарты миллион болар. Жалпы 120 миллион халық бар. Соның 10 миллионын шақырсын. Бірақ оларды киіндіріп, қаруландыру керек. Оған мүмкіндік жоқ. Өйткені ештеңе өндірмейді, Солтүстік Кореядан бірдеңе сатып алуға тырысады», - деді олар.