Депутат мәжілісмендерді ең біріншіден партия емес, «құндылықтар біріктіретінін» айтады
Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін бүгін журналистердің сұрағына жауап берген Республика төрағасының орынбасары Айдарбек Қожаназаров алғашқы сессиядан кейінгі әсерін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Депутат мәжілісмендерді ең біріншіден партия емес, «құндылықтар біріктіретінін» айтады. Мысалы ретінде есірткіге қарсы заңды келтіреді.
«Әріптестермен отырып, түсіндіріп берсең олар қолдайды. Мысалы есірткі туралы жұмыс тобында қақтығыс болды. Сол кезде Дәулет Болатұлы Тұрлыханов «Айдарбек, біз балалардың денсаулығы үшін тұрып беруіміз керек, мен қасыңдамын, соғысайық» деді. Дәулет ағамыз қасымда тұрса кімнен қорқамыз деп, ұрамыз дедік. Қатайып тұрып алдық. Сосын сол түзетуді енгіздік», - дейді Айдарбек Қожаназаров.
Мәжілісменнің айтуынша, елге керекті заңдарды қабылдайық деген кезде қарсы шыққан депутаттарды көрмегенін айтады.
«Жұмылып жұмыс істейміз. Сайлау алдында бақталастық болды. Осы жерде шынымен де қырғын соғыс болатын шығар деп ойлағанмын», - дейді ол.
Қожаназаров «лоббишіл депутаттар бар ма?» деген сұраққа нақты жауап бермеді.
«Бірақ кейбір кездері сондайды сезіндім. Бір адам келіп, әсіресе бюджет кезінде бір тақырыпты «итереді». Ойланып қаласың. Бірақ ондай заттарды басқа әріптестер тез өшіріп тастайды», - дейді ол.