Билікке Әйгерім Тілеужанды соттау керек болды - Ермұрат Бапи

Qaz365.kz редакциясы

Журналист Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайын басып алды деген айыппен сотталған болатын

Коллаж: Qaz365.kz

Кеше Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайын басып алды деп бес адамды соттаған болатын. Арасында журналист Әйгерім Тілеужан бар. Ол 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Осыған қатысты Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.

«Әйгерім Тілеужанға қатысты пікірімді сотқа дейін, 4-5 күн бұрын әлеуметтік желіде жазғанмын. Иә, жалғыз қыз әуежайды басып алуды ұйымдастырды дегенді естіген құлақтан ұят. Шетелдіктер естісе, бір жерін ашып күлетін шығар. «Қаңтар оқиғасы» кезінде елге 20 мың террорист басып кірді деген мәлімдеме жасалды. Енді оны басқарып жүрген бір қыз екен деген сот шешімі бар. Бұл енді абсурд» , – дейді Ермұрат Бапи.

Әйгерім Тілеужан ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабының бірінші бөлігі «Жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру» бойынша сотталған. Кодекс бойынша жазасы ауыр. Бірақ жазасын қауіпсіздігі  орташа түзеу колониясында өтейді. Осыған қатысты да депутаттың ойын білген едік.

«Билікке Әйгерімді соттау керек болды. Алайда баптың талаптарына сай колонияға жіберуге қоғамның толқуынан жүрексінді. Сондықтан орташа түзеу колониясына жіберіп отыр. Жеңілдіктің бір түрі ғой. Қоғамды алдарқату деп ойлаймын. Әйгерімге қатысты біраз видеоларды қарап шықтым. Кейбір жерлерде сұрақ туындайтын тұстары бар. Алайда ол қандай ұранда жүрсе де, белсенді азаматтың әрекеті деп қана түсінемін. Әйтпесе, әскер кіргізіп, терроршыларды басқарып жүрген жоқ. Тек «Қаңтар оқиғасындағы» билік құлады деген эйфориямен айғайлауы мүмкін», – дейді ол.

Ермұрат Бапи осы тұрғыдан қарау керек деп санайды. Ал мұның бәрі «Тоқаевқа саботаж емес пе?» деген сауалға былай жауап берді:

«Мен әрине кесімді пікір айта алмаймын. Парламентке барған үш айдың ішінде байқағаным – Тоқаевтың саясатына түрлі деңгейде саботаж жасалатына көзім жетті. Тіпті, саботаж да болмауы мүмкін. Біз солай қабылдауымыз мүмкін. Сосын экс-президент Назарбаевтан қалған кланның өкілдері де бар.  Бұлар әрине президенттің  қоғамға ұсынған бастамаларын білек-сыбанып жүзеге асырмайды. Түптеп келгенде ешқандай энтузиазм, ынта-жігер де жоқ. Мұны әр түрлі деңгейде бағалау керек», – дейді депутат.