Билік қазір шындықтан қорықпайды - Айдос Сарым

Qaz365.kz редакциясы

Депутат «Қаңтар оқиғасынан» кейінгі өзгерістер туралы айтты

ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым «Диванные эксперты» бағдарламасында «Қаңтар оқиғасынан» кейінгі өзгерістер туралы айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Қаңтар оқиғасы» билікті көп нәрсеге үйретті. Билік қазір шындықтан қорықпайды. Билікті құлататын шындық жоқ. Өйткені ондай шындықты билік өкілдері өздері айтып жүр. Депутаттар мен министрлердің өз ауыздарынан небір шындықтар шығып жатыр. Яғни кейбіреулер ойлап жүргендей, біз мынаны қатты айтсақ, билік тарап кетеді деген ойдан ада болғаны дұрыс», – дейді Айдос Сарым.

Ол билік қоғаммен жұмыс істеуді үйренді деп айтты. Осы ретте бір жылда үш сайлау науқанын өткенін еске салды.

«Жұрт ойлағандай манипулация болған жоқ. Таза сайлауларға куә болдық. Бір-екі теке-тірес дәрежесінде өткен учаскелерді есепке алмасақ, қалғанның бәрі көңілден шықты. Егер манипулация болса, халық өзі-ақ қарсылық білдірер еді», – дейді депутат.

Ол билік қоғам игілігіне жұмыс істеп жатыр деп санайды. Соның айғағы ретінде соңғы бір жылда қабылданған заңдарды атап өтті.

«Конститутциялық реформа, активтерді қайтару, онлайн-платформалар туралы заңдарды айтуға болады. Мұның бәрі билік пен халықтың арасын жақындату үшін істелініп жатыр. Әрине, кезінде кеткен 100 миллард доллар бір күнде келмейді. Бірақ жылына жүйелі түрде 2-3 миллиардтан қайтып жатса, халық түсінеді. Өйткені сол ақшаға мектеп, мәдениет үйлері салынса, нәтижесі көрінеді. «Жаңа Қазақстан» дегеніміз 31 желтоқсаннан бірінші қаңтарға ауысатын «Жаңа жыл» емес. «Жаңа Қазақстан» деген – президенттен бастап, қарапайым адамдарға дейін заңға бағынып жүре бастағанда орнайды», – дейді Айдос Сарым.