НАТО-ға мүше болу үшін Белгородты айырбастауға дайынбыз - Зеленский

Qaz365.kz редакциясы

Бұған дейін Украина президенті журналистер сұрағына жауап бергенде "айырбастау" мүмкіндігін жоққа шығарған

Kacper Pempel / Reuters

Украина президенті Владимир Зеленский "НАТО-ға мүше болу үшін Украинаның кейбір аумағын беру" туралы сұраққа жауап бере отырып, Украина әскери одаққа кіру үшін Ресейдің Белгород қаласын ғана айырбастауға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Азаттыққа сілтеме жасап.

Зеленский мұны Скридструп әуе базасында Дания премьер-министрі Метте Фредериксенмен өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Бұл кездесудің алдында Нидерландыда болған Украина президенті журналистер сұрағына жауап бергенде "айырбастау" мүмкіндігін жоққа шығарған.

Өткен аптада норвегиялық VG басылымына сүйенген бірқатар БАҚ НАТО бас хатшысы кеңсесінің жетекшісі Стиан Йенссеннің мәлімдемесін жариялаған. Йенссен Украина кейбір жерінен бас тартса, оны Солтүстік Атлант альянсына алу арқылы соғыс аяқталуы мүмкін деген.

Йенссен мәлімдемесі Украинада қоғам наразылығын тудырды. Украин өкілдерінің сынынан кейін Йенсен өз мәлімдемесін "қателік" деп, оның "болашақта болуы мүмкін сценарийлер туралы күрделі пікірталас" аясында айтылғанын айтты.

Кейінгі кезде Батыс саясаткерлері Ресей басып алған аумақтарды Украинаның әскери жолмен босата алмауы және Кремльмен келіссөз жүргізудің мүмкін екені туралы айтып келеді. Киев мұндай мәлімдемелерді жақтырмайды.