Стэнфорд (АҚШ) университетінің профессоры, философ Фрэнсис Фукуяма Алматыға келді
«Тарихтың соңы және соңғы адам» атты туындысымен танымал, Стэнфорд (АҚШ) университетінің профессоры, философ Фрэнсис Фукуяма Алматыға келді. Ол журналистермен кездесіп, Ресей мен Украина арасындағы соғыс, Қазақстанның ұстанған саяси бағыты және басқа да сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Одан алдымен Қазақстанға көршілес елдердің ықпалын сұрады. Өйткені, қазір Ресей мен Украина арасындағы соғыс жағдайы да саяси аренада көп өзгеріске себепші болуы мүмкін.
«Ресей неғұрлым әлсіреген сайын өзге елдер еркіндік алады. Яғни өз бетінше шешім қабылдау, тәуелсіз және автономды әрекет етуге мүмкіндік болады. Ал нақты Ресей мен Украина арасындағы жағдайға тоқталсақ, Путин өз қалағанына қол жеткізіп жатқан жоқ. Тіпті, Украинаның жерінің бір бөлігін де өзіне қоса алар емес. Бұл тұрғыда Ресейдің әлсіреуі байқалады», – дейді саясаттанушы.
Көпшілікті қызықтыратын сұрақтың бірі Ресейдің ыдырау мүмкіндігі туралы болды.
«Есі дұрыс ешбір саясаттанушы Ресейдің ыдырауына қатысты асығыс қорытынды жасамайды. Мен де солардың бірімін. Дәл қазір ондай ештеңе айтпаймын. Алайда мынаған тоқталғым келеді, сыртынан тоны қампиып мықты болып көрінуге тырысатын елдер болады. Бірақ іс жүзінде олай емес. Ресейдің дәл қазіргі жағдайы осыған ұқсас. Біз алдағы екі жылда Ресейде қандай өзгеріс болатынын бақылауымыз керек. Әзірге мұндай нақты тұжырымдар мен болжамдар жасау мен үшін өте қауіпті болуы мүмкін», – дейді профессор.
Тілшілердің бірі егер Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі болсаңыз, Ресей мен Қытай арасында текетірес күшейіп жатқан кезеңде қандай халықаралық саясат жүргізуді ұсынар едіңіз деп сұрады.
«Менің ойымша, Қазақстан осы уақытқа дейін қалыптасқан жағдайды ескере отырып, қолдан келгеннің барлығын жасады. Бұл жерде ең жақсы саясат сіз айтқан елдердің ешқайсысына тым тәуелді болмау болар еді. Бірақ олар Қазақстанға көбірек әсер етуге тырысады. Қазақстан, Ресей мен Қытай өз мүддесі үшін жұмыс істейді. Бұл түсінікті. Сол секілді Түркия, Жапония немесе Корея мен АҚШ-тың да өз мүддесі бар. Әзірге Қазақстанның геосаяси, экономикалық және географиялық орналасуына байланысты бұл дипломатиялық линия тәуелсіздікті барынша қамтамасыз етудің бағыты болса да, жалпы жүзеге асып жатыр. Ал егер мен Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеген болсам, бәлкім, осындай саясатты ұстанған болар едім. Яғни, Қазақстанның геосаяси орналасуын ескере отырып, барынша әрекет ету еркіндігін қамтамасыз етуге тырысар едім», – дейді Френсис Фукуяма.